KZ
Өскемен
+10°
переменная облачность жел 6 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Шығыстың өндіріс өнімдері төрт мемлекетке экспортталады

11.07.2019, 11:00 154

Биылғы жылдың алғашқы жартысында Шығыс өңірінің өндіріс өнімдері жалпы республикалық көлемнің жеті пайызын құрады. Еліміздің өндіріс ошақтары көп шоғырланған аймақ бүгінгі таңда қандай күй кешуде? Өндіріс өнімдері қайда, қандай көлемде экспортталады? Біздің серіктестеріміз кім? Дағдарыстың дендеуіне тосқауыл қоятын жобалар бар ма? Міне, осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеген Аймақтық сараптама кеңесі өзінің алғашқы отырысын өткен аптада өткізген болатын, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашевтың төрағалығымен өткен Аймақтық сараптама кеңесінің алғашқы отырысына «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов пен кеңес мүшелері және облыстық экспорттаушы кәсіпорындар өкілдері қатысты. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы жобасының үшінші бесжылдығын талдаған комиссия өнімін экспорттаушы кәсіпорындар мен мемлекеттік қолдау шаралары мәселелерін саралады.

– Облысымыз республиканың өнеркәсіп аймағы саналады. Экономика құрылымында оның үлесі 32 пайыз. Физикалық көлем индексі биылғы жылдың бес айында 112,5 пайызды құрады. Бүгінгі таңда өнеркәсіп дамуы негізінен өндірісті әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу, еңбек өнімділігін арттыру, экспорт пен өнеркәсіп тауараларының көлемін арттыруға бағытталған, – деді Ерлан Аймұқашев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, өңірдің индустриалды-инновациялық дамуына жаңадан ашылған өндіріс ошақтары зор үлес қосуда. Мұндай жаңашылдықтың арқасында өткен жылы құны 135,7 млрд. теңгені құрайтын 6 жоба іске асып, 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылған. Облыстағы кәсіпорындар өздеріндегі технологиялық модернизациялауға «Индустрия 4.0» элементтерін қолдануды әдетке айналдырған. Осының арқасында алдағы алты жыл көлемінде аймақта жалпы сомасы 17,4 млрд. теңгені құрайтын 21 цифрлық технологияларды енгізу жобасын іске асыру жоспарланып отыр.

– Облыс үш жыл қатарынан инновациялық даму бойынша көш бастап тұр. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстанның инновациялық белсенділігі 15,5 пайызға өсіп, республикада бірінші орынға табан тіреді. Еліміздің инновациялық кәсіпорындарының оннан бір бөлігі осы өңірде шоғырланған. Өткен жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2,2 есеге өсіп, 174 млрд. теңгені құрады. Ал өнімдердің басым бөлігі шетелдерге экспортталады, – деді «Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов.

Астанадан атартып келген қонақтың хабарлауынша, шығысқазақстандық кәсіпорындар шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша республика аймақтарының ішінде үшінші орынға табан тіреген. Мұндай өнім экспортталатын тауарлардың 75 пайызын құрайды. Биылғы жылдың төрт айында тауар айналымы 635,5 млрд. теңгеге жеткен. Оның 55 пайыздан астамын экспорт құраса, 44,6 пайызын шетелден импортталған тауар толтырды.

Қоса кетсек, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындардың сыртқы сауда-саттықтағы негізгі әріптестері Ресей (34%), Қытай (25%), Түркия (8%) және Өзбекстан (6%) мемлекеттері болып келеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив