Шемонаиха ауданында обырдың асқынған жағдайлары азайып келеді
![](/kz/uploads/posts/2024-04/whatsapp-image-2024-04-25-at-21_49_43.webp)
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары онкологиялық қызметтің жай-күйіне мониторинг жүргізу мақсатында Шемонаиха ауданында болды.
ШҚО-ның штаттан тыс бас онкологы Гүлмира Сагидуллина бастаған мамандар тексеру кабинеттерінің жұмысын және онкоскринингтердің сапасын талдап, «Жасыл дәліз» жүйесінің қалай іске асып жатқанын тексерді, сондай-ақ пациенттерді қабылдап, консультация берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шемонаиха ауданында 880 онкологиялық науқас диспансерлік есепке алынған. Ауру құрылымында бірінші орында өкпе қатерлі ісігі, екінші орында сүт безі қатерлі ісігі, үшінші орында бүйрек қатерлі ісігі тұр. Ауданда қатерлі ісіктерден сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің көрсеткіші жоғары болғанымен, соңғы жылдары қатерлі ісіктің асқынған жағдайлары азайып, ерте сатыларда анықталуы өсуде.
Өткен жылы Шемонаиха ауданына медициналық білімі бар 17 жас маман келген. Аудан әкімі Григорий Акуловтың қолдауымен барлық 17 маман баспанамен қамтылып, көтерме қаражат алды. Жаңа қызметкерлер қатарында онколог Махаббат Қырықпаева бар. ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығында резидентурадан өтіп, білім мен тәжірибе жинақтаған ол Шемонаихаға көшіп, қазір жемісті қызмет істеп жүр.