KZ
Өскемен
+15°
небольшая облачность жел 5 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

Өскемендік дәрігерлер жүрек аритмиясын жаңа әдіспен емдей бастады

Фото: ШҚО ДСБ

21.05.2024, 15:14 309 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының дәрігерлері жүрек аритмиясын заманауи әдіс арқылы емдей бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстық ауруханада аритмияны радиожиілікті абляция арқылы емдеу бойынша шеберлік сабағы өтті. Бұл ретте аритмияны тудыратын жүрек аймақтарына жоғары жиілікті токпен әсер етіледі. Нәтижесінде, аритмия ошағы бітеліп, жүрек қағысы қалыпқа келуге тиіс. Ота тамыр немесе артерия арқылы жүрекке енгізілетін катетермен жасалады.

Екікүндік шеберлік сабағын Президент іс басқармасы ауруханасының аритмолог-дәрігері Ринат Қамиев өткізді.

– Тахикардияны емдеудің бұл заманауи тәсілі – дәрілік терапияға балама, тіпті тиімділігі жағынан одан асып түседі. Көп жағдайда аритмиядан біржола құтылу үшін бір процедура жеткілікті және барлық жастағы науқастар үшін қолайлы. Ол жергілікті анестезиямен жасалады және отадан кейін науқастар тез қалпына келеді, – деді Ринат Тоқжанұлы.

Радиожиілікті абляция ШҚ облыстық ауруханасында алғаш рет өткізіліп тұрған жоқ, бірақ ол тек шеберлік сабақтары барысында жасалатын. Бұл емді қажет ететін науқастардың барлығы дерлік елордалық клиникаларға жіберілетін.

– Бүгінгі шеберлік сабағынан кейін отаны енді өзіміз де жасайтын боламыз. Ол үшін тәжірибелі хирургтар да, құрал-жабдықтар да бар. Сонымен қатар аталған көмекті науқастар МӘМС аясында тегін алады, – деді ШҚ облыстық аруханасы бас дәрігерінің орынбасары Қуатжан Әбішов.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив