KZ
Өскемен
-11°
пасмурно жел 2 м/с, С
512.83 600.58 6.36

Биыл еліміздің энергетика саласына ЖИ жобалары ауқымды түрде енгізілмек

5.01.2026, 17:00 93 Ержан Әбіш

Мемлекет басшысының шешімімен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Осыған орай Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенінің негізгі процестеріне жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын жүйелі түрде енгізуді жалғастыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің ұстанымы эксперименттік жобаларға емес, инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, апаттылықты төмендетуге және шығындарды оңтайландыруға бағытталған қолданбалы пилоттық шешімдерді іске асыруға негізделген.

Қазіргі уақытта энергетика саласында үш негізгі практикалық кейс жүзеге асырылуда:

- Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып электр беру желілерін ЖИ-дефектоскопиялау. Компьютерлік көру және машиналық оқыту технологиялары 4K-камералар, жылу анықтау және лидар жүйелерінен алынған деректер негізінде тірек конструкциялары мен сымдардағы ақауларды, қызып кетулерді, деформациялар мен жасырын тәуекелдерді автоматты түрде анықтайды.

- Акустикалық резонансқа негізделген жылу желілерінің роботтандырылған құбырішілік диагностикасы. Бұл технология жүйені ашпай-ақ және тоқтатпай-ақ құбырлардың жай-күйін нүктелік бағалауға мүмкіндік береді.

- Газ саласына арналған ЖИ-ассистент. Мобильді қосымша арқылы түсірілген фотосурет негізінде газ есептегіштердің көрсеткіштерін автоматты түрде таниды. Нәтижесінде адам факторы азайып, есепке алудың дәлдігі артады.

Аталған шешімдердің барлығы пилоттық режимде апробациядан өтіп, жоғары тиімділігін көрсетті. Атап айтқанда, диагностика уақыты қысқарып, апаттылық деңгейі төмендеді, ресурстарды үнемдеу айтарлықтай артты.

Президент қойған міндеттерге сәйкес, 2026 жылы Энергетика министрлігі электр және жылумен жабдықтау салаларында ЖИ-шешімдерді пилоттық кезеңнен кең ауқымды енгізу деңгейіне көшіруді жоспарлап отыр.

Басым бағыттар қатарында ЖИ-дефектоскопиядағы ақаулар классификаторларын кеңейту, магистральдық құбыржолдарда құбырішілік диагностика технологияларын енгізу, сондай-ақ газ саласындағы цифрлық сервистерді одан әрі дамыту бар.

Сонымен бірге министрлік жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін отандық ІТ-компаниялармен ынтымақтастықты меморандумдар аясында жүйелі түрде жалғастырады.

2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы озық технологияларды жедел енгізуге және Қазақстан энергетикасын орнықты, цифрлық әрі технологиялық тұрғыдан тәуелсіз салаға айналдыруға қуатты серпін береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу