KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 1 м/с, С
494.87 520.65 4.91

ШҚО: Есенберлин даңғылындағы «жайлы мектеп» желтоқсанда пайдалануға беріледі

24.06.2024, 12:37 301 Жанаргүл Мұқатай

 «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығында үш мектеп салынып жатыр. Өскемен қаласының Есенберлин даңғылы бойында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мектеп желтоқсан айында салынып бітіп, пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Altainews kz тілшісі.

 - Мектеп құрылысы екі ауысыммен күні-түні жүргізіліп жатыр. Ғимараттың іргетасын толық құйып бітіп, бірінші қабатын көтеріп жатырмыз. Құрылыс нысаны еңісте орналасқандықтан жерді жайдақтап, тегістеу жұмыстары біршама уақытты алды. Құрылысқа 100 шақты жұмысшы тартылып отыр. Техникалар жеткілікті. Құрылыс материалдарының бәрі өз облысымыздан, елімізден сатып алынып жатыр. Мектептің ішіне қажетті жиһаздарды сатып алу бойынша келісімшарттар жасалды, сатып ала бастадық. Мектепті осы жоба аясында  республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға жергілікті жиһаз өндірушілердің өнімдерімен жабдықтаймыз. Мектеп жиһаздармен толық жабдықталады, - дейді құрылыс жүргізіп жатқан өскемендік «AST Qurylys 22» компаниясының бас инженері Владимир Титаренко.

Есенберлин даңғылындағы 31/1 мекенжайында орналасқан үйдің жанынан салынып жатқан 600 орындық мектеп үш қабатты болады.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан бұл нысанның іші де, сырты да көрікті, кең, жарық, жобаның аты айтып тұрғандай оқушыларға барлық жағынай жайлы, қолайлы болады.

Гүлмира Сатбаева, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілі:

- «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында осы мектептің коммуникациялық инфрақұрылымы мен жолдарының құрылысына жергілікті атқарушы орган жауапты. Қазіргі уақытта инженерлік желілердің құрылысын жүргізуге шарт жасалып, жұмыстар басталып кетті. Ал кірме жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр, сараптама қорытындысын алғаннан кейін ол жұмыстар да басталады.

Облыста 2025 жылдың аяғына дейін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысымен жалпы құны 34,7 млрд теңге болатын 4 200 орындық 10 мектеп салынады.  Он мектептің бесеуі Өскемен қаласында, үшеуі Глубокое ауданында, Шемонайха мен Риддер қаласында салынады. Құрылысы былтыр басталған жеті мектеп жыл соңына дейін салынып бітуге тиіс. Соның ішінде биыл Өскеменнің Есенберлин даңғылындағы мектеппен қоса тағы екі жайлы мектеп салынып, пайдалануға берілмек.

 Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу