ШҚО полициясы қос азаматтықтың 30 дерегін анықтады
Фото: polisia.kz
ШҚО полициясы қос азаматтықтың 30 дерегін анықтады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейтініне қарамастан, облыстың кейбір тұрғындарында Қазақстанның және көрші елдердің паспорттары бар.
Жыл басынан бері көші-қон қызметі ШҚО аумағында тұратын қос азаматтығы бар адамдарды анықтап келеді.
Жарты жыл ішінде облыс полицейлері 30 қос азаматтығы бар шетелдікті анықтап, олардың 8-і Қазақстаннан шығарылды.
Тәртіп сақшылары атап өткендей, көп жағдайда шетел азаматтары ҚР азаматының құжаттарын заңды білмегендіктен сақтайды.
Мысалы, Шемонаиха ауданының 19 жасар тұрғыны осы жылдың ақпанында Ресей азаматтығын алған. Алайда жас жігіт бұл туралы заңда белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарлау қажет екенін білмеген.
Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Кейінірек бұл материал аудандық сотта қаралып, оның қаулысымен шетелдікті Қазақстаннан шығару туралы шешім қабылданды.
Басқа елдің азаматтығын қабылдаған кезде ҚР азаматы 30 күн ішінде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне Қазақстан азаматтығынан шығуы туралы мәлімдеуі, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет.