Ауылдағы спорт кешеніне келушілер көп — ШҚО
Ұлан ауданының Айыртау ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстанатын жергілікті жастар мен ересектердің сүйікті орнына айналған.
Айта кетейік, спорт нысанының құрылысы 2022 жылы басталған. Сол жылдың желтоқсан айында кешен пайдалануға беріліп, 2023 жылы жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне өткен.
Кешеннің спорт залдарына кез келген уақытта келіп, бадминтон, баскетбол, волейбол, теннис немесе шағын футбол ойнауға болады. Барлық зал заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
– Бұл кешенде жаттығулармен қатар түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар да өткізуге болады. Жерлестерімізге дәл осындай заманауи әрі көпфункционалды нысанды ұсына алатынымызды мақтан тұтамыз, – деп атап өтті облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Қарлығаш Айтқазынова.
Кешенде бір уақытта шамамен 30 адам жаттыға алады. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы.
Рас, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің әлеуметтік маңызы зор. Ол тұрғындарды тәуліктің кез келген уақытында және кез келген ауа райында спортпен шұғылдануға қолайлы жағдаймен қамтамасыз етеді.
– Біздің кешен – спортпен шұғылдануға арналған орын ғана емес, сонымен қатар ауылдың қоғамдық өмірінің орталығы, мұнда кез келген келуші өзіне ұнайтын іспен айналыса алады, – деп бөлісті кешенде жаттығу жасап жүрген ауыл тұрғынының бірі.
Бүгінде спорт кешеніне келушілер қарасы көп. Бір қуантарлығы, кешен басшылығының айтуынша, спортқа ден қойғандар саны уақыт өткен сайын артып келе жатыр екен. Мұны ескерген аудан басшылығы спорт инфрақұрылымын одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Осылайша ел ағалары салауатты өмір салтын ұстанғандар үлесін арттыруға мүдделі.