KZ
Өскемен
+16°
пасмурно жел 2,7 м/с, СБ
481.84 531.33 5.07

Өскемендегі қалалық ауруханаға жөндеу жүргізіледі

9.08.2024, 13:00 160 Нұржан Кенжеұлы

Биыл Өскемендегі №4 қалалық ауруханаға сужаңа рентген-аппараты сатып алынған. Бұған қоса, дәл қазір мұндағы рентген-кабинетке санитарлық талап бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Бүгін ауруханаға арнайы ат басын тіреген облыс әкімі Ермек Көшербаев медициналық мекемеге көмек мұнымен шектелмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 
Сапары барысында аймақ басшысы денсаулық сақтау нысанының бөлімшелерін аралап көріп, науқастармен кездесіп, қал-жағдайын білді. Сондай-ақ жергілікті қызметкерлердің мұң-мұқтажын тыңдады.
Белгілі болғандай, осыдан 75 жыл бұрын салынған ғимарат соңғы 40 жылда бірде-бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Аурахананың бас дәрігері Сергей Поповтың айтуынша, бүгінгінің ең өзекті мәселесі осы болып тұр екен.

– Бұл мәселе жөнінде денсаулық сақтау басқармасымен кездесіп, мән-жайды талқылайтын боламыз. Қалай болғанда да көмек болады. Әрине, ең алдымен, жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу қажет, – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге өңір басшысы медициналық мекемеге құны шамамен 20 миллион теңге тұратын денситометр алып беруге көмектесетінін айтты. Реанимация бөлімшесін жаңа консольдармен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін таппақ.
Айта кетейік, бүгінде 300 орынға шақталған аурухана толық қуатында істеп тұр. Жалпы, мекеменің травматикалық пункт, пульмонология, кардиология, терапия, хирургия сияқты бөлімшелері мамандарының көмегіне тәулігіне 300-ге жуық адам жүгінеді екен. Осы ретте, қазіргі уақытта ауруханада гинекология, хирургия, травматология, кардиология, терапия, паллиативті көмек, реабилитация тәрізді тоғыз клиникалық және екі диагностикалық бөлімше бар екенін айту керек.
Бас дәрігердің орынбасары Шыңғыс Қайнаровтың айтуынша, бүгінде медициналық мекемеде 420-дан астам еңбек етеді. Негізі, аурухананың құрамына бес нысан кіретінін айтқан абзал. Оның ішінде Серікбаев көшесінде орналасқан негізгі ғимараттардан бөлек, Шәкәрім даңғылындағы Пульмонология орталығы мен Өтепов көшесіндегі Тері-венереологиялық диспансер де бар. Цифрландыру мәселесіне келсек, ауруханадан хабарлағандай, денсаулық сақтау нысанының жұмысы толықтай «Надежда» деп аталатын медициналық-ақпараттық жүйеге көшірілген.

Фото: Нелли Петенева

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив