KZ
Өскемен
-9°
плотный туман жел 1 м/с, С
498.51 522.84 4.81

Өскемендіктер мерейлі мерекені айрықша тойлады

30.08.2024, 15:40 244 Жанаргүл Мұқатай

Бүгін ел Конституциясының қабылданғанына 29 жыл. Ата Заңымыз қабылданған күнді өскемендіктер айырықшы атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Тәуелсіздігіміздің төлқұжаты, береке-бірлігіміздің бастауы Конституциямыз қабылданған күнді, мерейлі мерекені тойлау үшін Өскемен қаласының тұрғындары мен қала қонақтары ертелетіп республика алаңына жиналды.

Алаңға келген халықты әсем ән әуелеген аспан астында «Шығыс дәмі», «Қарбыз фестивалі», «Үрмелі оркестрлер шеруі», «Бал жәрмеңкесі», «Шығыс кәдесыйлары» көрме-cаудасы, мерекелік сауда, «Караоке» күтіп тұрды.   

Арнайы мерекелік бағдарлама басталмас бұрын жұрт қазан- қазан болып пісіріліп жатқан ыстық палаудың, алуан түрлі шығыс тәттілерінің дәмін татып, түрлі спорттық ойындарға қатысып, жүздің ортасын қақ жарып, жүлдегер болып үлгеріп те жатты. 

Мерекеге жиналған Өскемен халқы бұл күні тіл үйірген Күршімнің қарбызы мен Маралдының, Катонқарағайдың, Марқакөлдің табиғи балын сатып алып, берекелі күздің сыйын сонау шалғайдан алып келген омарташыларға, диқандарға алғыстарын айтып, еңбектеріне жеміс тіледі.

- Күршім ауданындағы Топтерек ауылының жанындағы Жіңішке өзенінің бойында 5-6 гектер жерге он жылдан бері қауын, қарбыз өсіріп келемін. Топтерек ауылының өзінде менен басқа оннан астам ауыл тұрғыны қарбыз егіп отыр. Бүгінгі мерекеге 12 тоннадан астам қарбыз әкелдім. Қауын да осы мөлшерде. Қарбыз биыл да жақсы шықты. Қарбызымыз Өскеменде екі -үш аптадан бері сатылып жатыр. Көбінесе «Дина» толайым сауда базарында сатып жатырмыз. Біздің өсіріп жатқан қарбызымыз голландиялық тұқым, шығымы да жақсы, әрі бұрынғы «Астрахань» сортына қарағанда ертерек піседі,- дейді қарбызымен аты шыққан күршімдік диқан Сағатбек Мұхаметжанов.

Күршімнен келген бір «КАМАЗ» қарбыз түс әлеті болмай жатып ортайып қалды. Республика алаңына таяу жердегі көше қиылыстары жабық, көліктер жәрмеңке өтіп жатқан жерге аса жақын келе алмайтындығына қарамастан қалалықтар қарбыздарын машиналарына көтеріп жеткізіп жатыр.

Орталық алаңнын осы «Қарбыз фестивалі» өтіп жатқан тұсына келген үлкен де, кіші де түрлі викториналық сұрақтарға жауап беріп, қарбыздан кескіндерді ою шеберлігі конкурстарына қатысып, алғыс хатқа ие болып, үйлеріне алуан түрлі сыйлықтар алып қайтты.

   Катонқарағайлықтардан қалыспай Марқакөл ауданының кәсіпкерлері де күздік жәрмеңкеге бал өнімдерін молынан әкеліп сатты. Жер жәннаты -Марқакөлде 15 жылдан бері омарташылықпен айналысып келе жатқан Бақытбек Жанбосыновтың шаруашылығынан әкелінген бал және бал өнімдерін қалалықтар мен қала қонақтары «дәмі ерекше» десіп, кезекке тұрып сатып алып жатты.

-Өскеменде өтіп жатқан Конституция күні мерекесі ерекше тойланып жатыр. Біз Алматы жақтан көшіп келіп, осы қалаға қоныстанып жатқан жайымыз бар. Қала таза екен. Көрікті, жасыл желекті қала, баратын жерлері де аз емес екенін аңғарып жатырмыз. Еліміздің іргесі берік, заманымыз тыныш, мемлекетіміз қуатты болып, Өскемен өркендей берсін!,- деген тілегін айтты мерекеге келген тұрғыны Сарқытхан Шәріпжанұлы.

Түрлі мерекелік іс -шаралардан соң қала тұрғындары орталықтағы салтанатты сахнаны бетке алды. Республика алаңында тойланған Ата Заң күні мерекесі бағдарламасының шымылдығы байтақ даланың дауысын, ұлт рухын, саз әлемін үрмелі аспаптарға қосып, аспанмен астастырған үрмелі оркестрлер шеруімен ашылды. Мерекелік үрмелі оркестрлер фестивалі тойға жиналған өскемендіктер мен қала қонақтарына өзгеше сезім сыйлап, көңілдерін көкке самғатты! Алматы қаласынан келген Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі бастаған шеруді Өскемен қаласының барабаншылар ансамблі, Өскемен қаласының №4 ОМ кадетшілері, Алтай қаласының Александр Затаевич атындағы балалар музыкалық мектебі үрмелі оркестрі, Шемонаиха қаласының "Самға" үрмелі оркестрі , Глубокое ауданының "Altai" үрмелі аспаптар квинтеті, Өскемен қаласындағы Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің үрмелі оркестрі, Зайсан ауданының үрмелі оркестрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының "Шығыс" өңірлік қолбасшылығының 5512 ӘБ оркестрі (Павлодар қ.) және облыстық филармонияының үрмелі оркестрі жалғастырды.

Мерекелік үрмелі оркестрлер фестивалі Республика алаңының басты сахнасында айтылған "Халықтар достығы" концерттік нөмірімен аяқталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу