Тілдер күніне орай «Сөзмерген» лингвистикалық ойыны өтті
Қазақстан халқының тілдері күніне орай Пушкин атындағы облыстық кітапхананда «Сөзмерген» лингвистикалық ойыны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Түрлі жастағы қатысушылар мақал-мәтел жалғастырып, тұрақты сөз тіркестерінің, көне сөздердің мағынасын түсіндіріп, «Тапқыр болсаң, тауып көр», «Ойлы болсаң, озып көр», «Мықты болсаң, тауып көр», «Кім жылдам?» кезеңдері арқылы бақ сынасты.
Тартысты ойында ШҚО Әділет департаментінен, Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінен, Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатынан келген қатысушылар мықтылықтарын танытты. Тіл мамандары қазылық еткен бұл сайыста гуманитарлық колледждің студенттері оқ бойы озық болды.
Сайыс соңында әннен шашу шашылып, ойыншыларға дипломдар мен алғыс хаттар табыс етілді.