«Жасыл ел» жасағының үздіктері анықталды
Өскеменде «Жасыл ел» жастар жасағының ХХ еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Экологиялық жобаларды іске асыра отырып, қалалар мен елді мекендерді көгалдандырумен, абаттандырумен, жастарды жұмыспен қамти отырып, отансүйгіштік рухта тәрбиелеумен айналысатын «Жасыл ел» еңбек жасақтары елімізде 2005 жылы құрылған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәстүр бойынша маусымның жабылуында жылдың қорытындылары шығарылып, облыстағы үздік жасақтар мен үздік жұмыс берушілер, жастар еңбегін ұйымдастыруда алдан көрінген аудандар анықталды.
Өткен маусымдағы жұмыс нәтижелері бойынша үздік аудан – Катонқарағай ауданы, үздік қала – Өскемен қаласы, үздік жасақ – Шемонаиха ауданы, үздік штаб – Глубокое ауданы, үздік жұмыс беруші – Алтай ауданы болып танылып, аталған өңірлердің жасақтары белсенділердің сапынан көрінді.
2024 жылдың жазында облыста «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 1021 жас жұмыспен қамтылды.
Биыл жастар жасақтары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылған әлеуметтік және экологиялық жобаларға қатысып, ауыл, қала, аудан аумақтарын, түрлі нысандар маңын тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстардан тазалаған.
Жыл қорытындысы жарияланған шарада жастар болашақта аудандарда қолға алсақ деген жоспарларын, ұсыныстарын да ортаға салды. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Әділбеков жасаққа жастарды жұмысқа қабылдауда әлеуметтік осал топтар санатындағыларға назар аударылып отырғанын айтты. «Жасыл ел» жасағында жұмыс істейтін 18 жасқа толмаған ұл-қыздар биылдан бастап күніне 5 сағаттан жұмыс істеп жатыр. Әр ауданнан келген штаб басшылары жастардың өтініштері бойынша, келешекте мүмкіндігі шектеулі жастардың жасақта жұмыс істеу мерзімін бір кезеңге емес, үш кезеңге де қатыса алатындай етіп, екі-үш айға дейін ұзартуды ұсынды.
Еңбек күніне орайластырылып өткізілген жастар жасақтарын марапаттау рәсімі аясында Өскемендегі «Зерек» орталығында 1960 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі жылдардағы студенттік құрылыс отрядтарының, «Жасыл ел» жасақтарының фото-көрмесі ұйымдастырылды.