KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

ШҚО әкімі: “Озық технологиялар - заман талабы”

9.10.2024, 15:30 309 Нұржан Кенжеұлы

Өскеменде тағы бір өндіріс орны жұмысын бастады. «УК Трубтех» ЖШС-не қарасты кәсіпорында полиэтилен құбырлары шығарылатын болады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа зауыт Шығыс Қазақстанның ғана емес, көршілес өңірлердің де сұранысын қанағаттандыруға қауқарлы. Өнімі де жоғары сапалы, өндірісте заманауи технологиялар ғана қолданылады.

Бүгін өндіріс орнының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев кәсіпорынның цехтарын аралап көріп, мұнда атқарылып жатқан жұмысқа жоғары бағасын берді.

– Қазіргі уақытта құрылыста пайдаланып жатқан материалдардың басым көпшілігі шетелдік өнім екені жасырын емес. Яғни, жыл сайын елден сыртқа едәуір мөлшердегі қаражат кетіп жатыр деген сөз. Бұл дегеніміз қып-қызыл шығын. Сондықтан мұндай кәсіпорындар біз үшін аса қажет. Себебі, ондай өндіріс орындарының еліміздің экономикасына тигізер пайдасы орасан зор. Біріншіден, шетелдік материалдарға тәуелділіктен арыламыз, екіншіден, жаңа жұмыс орындары құралады. Өндірісте озық технологиялар ғана қолданылады екен. Бұл – өте құптарлық жайт, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.

Жаңа кәсіпорыннан жылына шамамен 3 600 тонна өнім шығарылады екен. Болашақта бұл көрсеткішті бес мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы «УК Трубтех» ЖШС-ның Бас директоры Айдар Абдулдин мәлім етті.

– Облысымызды қажетті өніммен толықтай қамтуға шамамыз жетеді. Ал болашақта республикамыздың өзге өңірлерінің нарығына шығуды да көздеп отырмыз. Ол үшін өндіріс көлемін ұлғайту қажет болады. Мұндай қадамға да дайынбыз. Жалпы, алдағы уақытта қосымша цехтар ашып, жұмысшыларымыздың санын арттыруды жоспарлаудамыз, – дейді А.Абдулдин.

Осы ретте қазіргі уақытта өндіріс орнында 45 адам жұмыспен қамтылғанын айту керек.

Зауыттың цехтарын аралап көрген аймақ басшысы атқарылып жатқан жұмысқа көңілі толатынын жеткізді. Облыс әкімінің сөзінше, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда полиэтилен құбырларға деген сұраныс зор. Бұл тек су мен жылу құбырларына ғана емес, басқа да мақсаттарға қолданылатын материалдарға қатысты.

– Сіздердің өндіріс орындарыңыз орналасқан учаскеде бос тұрған ғимараттар көп екен. Алдағы уақытта осы нысандарды да цех ретінде пайдалануға болады. Өз тарапымыздан сіздерге жан-жақты қолдауу көрсетуге әзірміз, – деді аймақ басшысы.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу