KZ
Өскемен
+1°
небольшой снег жел 2,5 м/с, ОБ
494.87 520.65 4.91

ШҚО кәсіпорындарында ең озық технологиялар қолданылады – министр

6.02.2024, 12:46 384

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорынға барып, жұмысымен жан-жақты танысты.

Ведомство басшысы алдымен «Казцинк» ЖШС-не ат басын тіреді. Қ.Шарлапаев облыстағы алпауыт өндіріс орны саналатын «Казцинкттің» музейін аралап көріп, артынша алтын, күміс сияқты асыл металдар өндірілетін зауытына барды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Компанияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгінгі «Казцинк» – мыс, бағалы металдар мен қорғасын сияқты ілеспе металл түрлерін өндіретін интеграцияланған ірі мырыш өндіруші. Компанияның негізгі кәсіпорындары Шығыс Қазақстанның Өскемен, Риддер, Алтай сияқты қалаларында және еліміздің Ақмола, Ұлытау облыстарында орналасқан.

- Карьерлер мен кеніштерде өндірілетін шикізат жаңғыртылған байыту фабрикаларында өңделеді, содан кейін металлургия кешендеріне жөнелтіледі, онда жоғары сапалы дайын өнім шығарылады. Компанияның әр өнеркәсіптік алаңында заманауи технологиялар мен жабдықтар қолданылады, олар еңбек қауіпсіздігін арттыруға және өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деп хабарлайды компаниядан.


Кәсіпорынға сапары барысында министр өңірдегі жер қойнауын пайдаланушылармен кездесіп, толғандырған сұрақтарына жауап берді. Бұл жиынға облыс әкімі Ермек Көшербаев та қатысты.

– Тау-кен өнеркәсібі еліміздегі өнеркәсіп саласының флагманы деуге болады. Себібі, бүгінде бұл салада 250 мыңға жуық адам еңбек етуде. Мұндай көрсеткішпен тіпті мұнай өнеркәсібі де мақтана алмайды. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Шығыс Қазақстанның алар орны ерекше. Себебі, мұнда бір-екеу емес, ондаған ірілі-ұсақты металлургиялық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бүгін сол кәсіпорындардың өкілдерімен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдап қайттық. Басқосуда өте орынды мәселелер қозғалды. Арасында бүгінде геологиялық барлау мен өндірістің қарқынды дамуына қолбайлау болып тұрған бюрократиялық мәселеллер мен Шығыс өңіріне тән экология, оның ішінде экологиялық рұқсатнама алу туралы да сөз болды. Әлбетте, бұл мәселенің барлығын назарға алып, тығырықтан шығудың, бизнестің аяғына тұсау болған бюрократиялық кедергілерді жою жолдарын қарастыратын боламыз, – деді Қанат Шарлапаев.


Бұл күні министр «Силумин-Восток» өндірістік-инжинирингтік компаниясына да барды. Отыз жылға таяу тарихы бар кәсіпорын өнеркәсіптік автоматтандыру, электрмен жабдықтау және өнеркәсіптің түрлі секторына қажет жабдықтарды жеткізу саласындағы еліміздегі көшбасшы компанияның бірі әрі бірегейі. Компания Schneider Electric, General Electric, SIEMENS, Rockwell Automation, Danfoss, WonderWare, Entress Hauser, KAESER Kompressoren, SAER Elettropompe сияқты көптеген өндірушінің сертификатталған дистрибьюторы болып саналады.

– «Силумин-Восток» 30 жылға жуық уақыт бойы клиенттеріміздің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын шешімдер ұсынуда. Біздің мақсатымыз – жоғары өнімді, сапалы жабдықты қолдана отырып, оңтайлы технологиялық шешімдерді іске асыру. Мемлекет тарапынан қолдау болса, біз өндіріс көлемін еселеп арттыруға дайынбыз, – дейді компания басшылығы.


Шығысқа сапары аясында Қанат Шарлапаев «Үлбі металлургия зауыты» АҚ-да болды. Компанияның көрме-ақпарат орталығында кәсіпорынның тарихынан хабардар болған министр одан кейін зауыт басшылығымен бірқатар өзекті мәселе бойынша келіссөз жүргізді.

– Бүгін Шығыстағы кәсіпорындардың әлеуеті өте зор екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Себебі, бұл аймақтағы кәсіпорындардың барлығы өндірісте озық технологияларды қолданады. Сол себепті, өнімге деген сұраныс та айтарлықтай зор. Бұған қоса, кәсіпорындар мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Мәселен, «Казцинктің» өзінде ғана 30 мыңға жуық адам еңбек етеді екен. Ал тантал, бериллий, ниобий сияқты сирек кездесетін металдар өндірісімен айналысатын «Үлбі металлургия зауытының» өнімдерін бүгінде бүкіл әлем біледі десем қателеспеспін. Сондықтан, біз бұл компаниялардың әрі қарай дамуына қажетті барлық жағдайды жасауымыз қажет. Біздің түпкілікті мақсатымыз осы, – деді министр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу