Өскеменде «Катонқарағай - аңыздар өлкесі» және «Көккөлдегі көразап» кітаптарының тұсаукесері өтеді
commons.m.wikimedia.org
2 қараша күні сағат 11:00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Жұмағұлова Гүлзира Дәулетханқызының «Катонқарағай - аңыздар өлкесі» және «Көккөлдегі көразап» кітаптарының тұсаукесері өтеді,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Катонқарағай өңірінен түлеп ұшқан Гүлзира Дәулетханқызы - саналы ғұмырының ширек ғасырға жуық уақытын кітапхана ісіне арнаған тәжірибелі маман. Еңбек жолын Берел ауылдық кітапханасынан бастаған ол кітапханашылық саласында қажырлы еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жеткен. Ұзақ жылдар бойы кітапхана ісінде қызмет атқара жүріп, өзін ізденімпаз өлкетанушы ретінде танытып, Алтайдың ақиығы, жерлес жазушы Оралхан Бөкейдің шығармашылығын насихаттауда үлкен үлес қосты. Осы уақыт ішінде ол шығарған жиырмаға жуық өлкетану құралдары бүгінде оқырмандар арасында сұранысқа ие.
Гүлзира Жұмағұлованың ұзақ жылғы еңбегі «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» медалімен және «Оралхан Бөкейдің 80 жылдық» мерекелік медалімен марапатталған. Қазіргі таңда ол құрметті еңбек демалысында. Зейнетке шыққан соң шығармашылыққа ден қойған тәжірибелі кітапханашы туған өлкесінің тарихын қағаз бетіне түсіріп, жазушылыққа бет бұрды.
«Катонқарағай - аңыздар өлкесі» кітабы бірнеше бөлімнен тұрады: «Алтай өңірі туралы мифтік аңыздар», «Топонимдік аңыздар», «Тарихи аңыз әңгімелер», «Шежіре аңыздар». Бұл тылсым сырға толы аңыз әңгімелер оқырманды өзіне баурап алады. Ал «Көккөлдегі көразап» кітабы Мұзтау түбінде орналасқан, кезінде вольфрам концентратын соғыс мақсатында өндірген «Көккөл» кенішіндегі жансебіл кеншілердің тағдырына арналады. Автордың көпшілікке ұсынып отырған қос туындысы оқырмандардың сүйікті кітабына айналары сөзсіз.
Құрметті оқырмандар! Баршаңызды Гүлзира Дәулетханқызының «Катонқарағай - аңыздар өлкесі» және «Көккөлдегі көразап» кітаптарының тұсаукесеріне шақырамыз!