KZ
Өскемен
-9°
туман жел 1 м/с, С
498.34 519.72 4.85

Игі мақсатта игерілген «Кең дала 2»

7.11.2024, 17:30 103 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысында «Кең дала 2» бағдарламасы аясында бөлінген қаражат толықтай игерілді. Бұл агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен қысқа мерзімге несие беру бағдарлдамасы. Еске сала кетсек, биыл бұл бағытта аймағымызға 10 млрд теңге бөлінген болатын.

Аталмыш бағдарлдаманы игеру биыл өңірдің дамытушы институттарының бірі «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на жүктелген еді. Агроөнеркәсіп саласына науқан кезінде ауадай қажет көмек түрі болып табылатын бұл бағдарламаны іске асыру бойынша «Ертіс» ӘКК» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасында биыл негіздемелік келісімге қол қойылған. Он млрд теңгені құрайтын несиелеу сомасын үлестіруде шығысқазақстандық агроөнеркәсіпшілерге берілген қосымша көмек «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның портфельдік кепілдік беруі болды. Бұл туралы келісімге «Даму» мен «Ертіс» кәсіпорындары арасында арнайы келісімге қол жеткізілген болатын. Өз кезегінде бұл әрекет несие алушыларға қарыз сомасының 85%-на дейін қамтамасыз ету ретінде кепілдік ресімдеуге мүмкіндік берді.

– «Кең дала-2» несиелеу бағдарламасы өңірдің агроөнеркәсіптік сектор субъектілеріне арзан несиелік өнімдерге қол жеткізу есебінен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге көмектесуге бағытталған. Мақсаты – көктемгі егіс және күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін айналым қаражатын толықтыруға несие беру. Оның игеріліп, қайтарылу мерзімі келер жылдың көктеміне дейін. Несие алуда «кепілдікті қамтамасыз ету» деген талап бар, бұл тұрғыда агроөнеркәсіп субъектілергеіне «ДАМУ» қоры 85 пайызға дейін кепілдік беріп отыр, – деді «Ертіс» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру департаментінің директоры Дидар Мажиринов.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация тарапынан бағдарламаны жүзеге асыруда ең алдымен барынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді.  Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге, аудан әкімдіктеріне «Кең дала 2» бағдарламасының шарттары түсіндірілген хаттар жолданып, интернеттік ақпарат кеңістігінде, оның ішінде ресми сайт пен әлеуметтік желілерде толық деректер жарияланды. Дидар Социалұлының айтуынша, ісін дөңгелетемін деген азаматтар мен компаниялар кез келген мемлекеттік қолдау бойынша толық ақпараттан хабардар болуы аса маңызды.

Қазіргі таңда барлық бөлінген сома астық жинау бағытындағы жұмыстарға жұмсалды. Несие алған компанияларға «Даму» қоры тарапынан 7 млрд теңгеден астам сомаға портфельдік кепілдіктер ресімделіп отыр.

Айта кету керек, «Кең дала 2» бағдарламасының ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп саласындағы басқа да жеңілдікті несиелеу бағдарламаларынан басты айырмашылығы дәл керек кезінде, яғни көктемгі егіске немесе егін жинау науқанына берілетіндігі және жиналған өнім табысынан қысқа мерзімде қайтарылатындығы.


Жансая Саянқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу