Энергетиктерге жаңа ғимарат
Зайсан ауданының Дайыр ауылында маңызды шара – Алтай өңірінің Зайсан электр тарату желілері РЭС-інің Дайыр желілік учаскесінің жаңа әкімшілік ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа ғимарат мамандар үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жұмыс орындарын ұсынады, бұл қызмет сапасын одан әрі арттырып, кәсіби міндеттерін тиімді атқаруға мүмкіндік береді. Ыңғайлы жұмыс ортасы ұжымды жаңа жетістіктерге жетелеумен қатар, энергетиктердің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді.
1994 жылы құрылған Дайыр желілік учаскесі өңірдегі электр желілерін дамыту мен нығайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді. Учаскенің негізін қалаушы энергетика ардагері Қабаш Тұрдыбековтің есімі еңбекқорлық пен кәсібиліктің символына айналған. Осы жылдар ішінде учаске ұжымы техникалық базаны жаңартып, аймақ тұрғындары мен кәсіпорындарына үздіксіз электр қуатын жеткізіп келеді. Зайсан ауданының энергетикалық инфрақұрылымын нығайтуға көптеген жылдар бойы еңбек еткен жоғары білікті мамандардың үлесі зор.
Бүгінде Дайыр желілік учаскесі мен Зайсан РЭС-і аймақтың тұрақты дамуы үшін заманауи шешімдерді енгізе отырып, әрбір тұтынушыға желілердің сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жаңа әкімшілік ғимараттың ашылуы – бұл Зайсан ауданындағы энергетика саласының тұрақтылығы мен одан әрі дамуына бағытталған маңызды қадам.
«БЭСК» АҚ баспасөз орталығы