Өскеменде ақындар байқауы өтеді
pexels.com
"Өр Алтайдың өрені" облыстық байқауы жерлес ақын Төлеген Рақымжанұлына арналады.
Әдеби байқау мәнерлеп оқу және арнау жазу бағыттары бойынша өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
22 қараша күні сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұстаз, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы Төлеген Рақымжанұлының өмірі мен шығармашылығына арналған "Өр Алтайдың өрені" атты облыстық байқау өтеді.
Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған Төлеген ақын жоғары білімді Алматыдан алып келгенімен, өмір бойы туған ауылы - Еңбекте еңбек етті. 1961 жылдан бері туған ауданында, туған ауылында қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, мектеп оқу ісінің меңгерушісі, директоры болып қызмет істеді. Катонқарағай ауданынан Қазақстан Жазушылар одағына мүше болған алғашқы ақын. Ал кітаптары көзі кеткеннен кейін ғана жарық көрді.
Оның "Буырқанған бұқтырма", "Туған жер сені жырлаймын" атты жыр жинақтары және 1999 жылы "Ағажай, Алтайдай жер қайда" деген атпен шыққан катонқарағайлық ақындардың жыр жинағына бір топ өлеңдері енген. Төлегеннің қарымды қаламынан шыққан туындылары өскелең ұрпақты адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеп, арман биігіне жетелейтіндігімен құнды. Туған жерінен ешқайда аттап баспай, Алтайдың ұлылығы мен сұлулығын қырық жылдан астам уақыттан бері асқан шабытпен жырлап өтті.
Байқауға қатысуға өтінім 10 қарашаға дейін pushkinlibrary@yandex.kz поштасына қабылданады.
Байқау жеңімпаздары әділқазылар шешімімен анықталып, сыйлықтармен марапатталады.