ШҚО полицейлері ауа райының қолайсыздығына байланысты жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Фото: Видеодан скриншот
Шығыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты полиция қызметкерлері тұрғындар мен қонақтарға жол жағдайы туралы ескерту жасап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жолдарда белсенді қызмет көрсетуде,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ПД сілтеме жасап.
Қалың қар жауып, көктайғақ болғандықтан, жолдардың аса қауіпті учаскелерінде патрульдеу ұйымдастырылды, ал жүргізушілерге апаттық жағдайлардың алдын алу үшін арнайы колонналармен қозғалу ұсынылуда.
Мәселен, 12 қарашада сағат 11:55-те Өскемен-Тарғын-Самар автожолының 63-88 км учаскесі ашылды. Полицейлер 25-30 автокөліктен тұратын ұйымдасқан колоннаны Тайынты ауылына дейін алып жүрді. Осындай шаралар жүргізушілерге қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіз әрі үйлесімді қозғалыс жасауға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ Өскемен-Алтай автожолындағы Осинов асуында патрульдік экипаж көліктерге ілесіп жүруді қамтамасыз етуде. Бұл шара көктайғақ пен нашар көрінуді ескере отырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Өскемен-Алматы автожолында да ұйымдасқан колонналармен жүру жүйесі енгізілді. Қала шығысынан бастап Ресей шекарасына және Абай облысына дейінгі аумақта шамамен 100 көліктен тұратын колонна полицейлердің сүйемелдеуімен қозғалып келеді.
ШҚО полиция департаменті тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға, ауа райының қолайсыздығы туралы ескертулерді назардан тыс қалдырмауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырады.
ШҚО Полиция департаментінің бейнеролигі