KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

Жылу бойынша назарға алынған кезекті бағыт - Глубокое кенті

13.11.2024, 11:30 162 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Глубокое кентіндегі жұмыс сапары барысында жылу жүйелерінің жағдайын тексеріп, жылыту маусымының барысымен танысты. Көпшілікке мәлім, аймақ тұрғындарының үздіксіз жылумен  қамтамасыз етілуі облыс әкімінің жіті бақылауындағы өзекті сұрақ және осы жолғы жұмыс сапары да мәселенің басым назарда екенін көрсетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
 
Өткен жылы аймақ басшысы ауданның жылу жүйесін жаңартып, тұрғын үйлерге жылуды үздіксіз жеткізу тапсырмасын берген болатын. Глубокое ауылындағы жылумен жабдықтауды қамтамасыз ететін негізгі мекеме – “Теплоэнергия” коммуналдық кәсіпорны. Оның қуаты сағатына 43 Гкал болса, қосылған жүктемесі 27,3 Гкал/сағ құрайды. Орталықтандырылған жылу жүйесіне 110 көпқабатты тұрғын үй, 310 жеке тұрғын үй және 20 әлеуметтік нысан қосылған. Жылыту маусымы 4 қазанда басталып, қазіргі уақытта жылу жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
 
2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 338 млн теңге бөлінген еді. № 4 қазандықта түтін сорғыш пен желдеткіштің электр қозғалтқыштары ауыстырылды, ауа жылытқышы және көмір бункерлерінің алдыңғы бөлігінің металы жаңартылды. № 5 қазандықта түтін сорғыш пен желдеткіш жаңартылды. Сонымен қатар, НЗЛ-30 қазандығын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, қазандықта құбырлар ауыстырылды. Қазандықтардан бөлек, жылу желілеріне де ерекше көңіл бөлінді. 10 км кварталішілік желілерге ауқымды реконструкция жүргізілді. Жылу магистралінің жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайды, айтарлықтай жаңарту жылу шығынын азайтып, жылумен жабдықтау тиімділігін арттырады, жүйенің тозу деңгейін 77 пайыздан 60 пайызға дейін төмендетеді.
Жылыту маусымына қажетті көмір көлемі 25 мың тоннаны құрайды. Облыстық бюджеттен 17 мың тонна сатып алуға 177 млн теңге бөлінді. Көмір жеткізу 14 тамыздан басталды және қазіргі уақытта 15 мың тонна әкелінді. Сонымен қатар, өткен жылдан бері 13 тоннадан астам көмір қалды. 
Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау қалыпты режимде жүзеге асуда, ал кәсіпорын кентті тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін толық қуатта жұмыс істеуге дайын. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев Глубокое ауданының әкіміне тұрғын үйлерді жылыту жағдайын және жылыту маусымының өтуін бақылауда ұстауды тапсырды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу