«Мейірім» жобасы аясында 30 әлеуметтік келісімшарт жасалды
Бүгін Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Үміт» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы мен Шемонаиха ауданының білім беру ұйымдары арасында 30 әлеуметтік келісімшарт жасалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қайырымдылық шарасы барысында орталықтағы 15 баланы әлеуметтік және патронаттық қолдау мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық туралы әлеуметтік келісімшартқа қол қойылды.
Орталықтағы әлеуметтік педагог Қарлығаш Құсайынованың айтуынша, бұл игілікті шараны ұйымдастыруда бизнес-қоғамдастық та белсенді қолдау көрсеткен. Атап айтсақ, ЖК «Дакиев Асыл-Нан», «Рулиха» ЖШС, «Камышинское» шаруа қожалығы, «UTEX» ЖШС-нің басшылары мен жеке кәсіпкер Айжан Ахметова орталықтағы балаларға кәсіпорын өнімдері мен тәттілерден құралған сый-сияпаттарын жасады.
Аталған жоба өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдауға бағытталған және әлеуметтік мәселелерді шешуде білім беру ұйымдары мен бизнес арасындағы серіктестіктің маңыздылығын көрсетеді.
Айжанат Бақытқызы