Мектептегі асханалардың сапасына бақылау күшейтіледі
pexels.com
Оқу-ағарту министрлігі мектептерде тамақтандыру қызметін көрсетушілерді іріктеу талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мүмкіндігін қарастыруда - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы министр Ғани Бейсембаев республикалық мониторинг қорытындысы кезінде баяндады.
ҚР Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп мектеп асханаларының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігін тексерді. Мониторинг нәтижесінде 771 заңбұзушылық фактісі анықталды.
Ғани Бейсембаев мониторингтің мектеп асханаларында тамақтандыруды ұйымдастыру сапасына қатысты бірқатар сұрақтарды анықтағанын атап өтті. Бұл, әсіресе, жергілікті атқарушы органдар тарапынан жеткіліксіз бақылау мен заң талаптарын бұзумен байланысты.
Министрлік мектеп асханаларын кешенді түрде бағалап, келесі факторларды назарға алды:
Тамақтандыру сапасы бойынша мониторинг нәтижелері;
Асханалардың материалдық-техникалық базасы;
1 оқушыға шаққандағы тамақтану құнының өңірлік айырмашылықтары;
Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамалар.
Бағалау нәтижесінде Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстары және Шымкент қаласындағы мектептерде сапалы тамақтану мәселесіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбейтіні анықталды.
Министрлік мектептерде тамақтандыру қызметтерін сатып алу кезінде талаптарды бұзған лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселесін пысықтауда.
Еске салсақ, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарын күшейтіп, 7 нормативті-құқықтық актіні қайта қараған болатын.
Бұл шаралар мектеп оқушыларының сапалы әрі қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етілуін арттыруға бағытталған.