Пластикті өңдеу – өнімге екінші тыныс береді
Пластик бөтелкелерді өңдеп, қайта өндірісте қолдану – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдайтын және кәсіпкерлікті дамытатын бірегей жоба. «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған ұландық кәсіпкер көліктерге арналған пластикалық кілемшелер жасап, Қазақстан нарығына ұсынуда,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Маликов и К» ӘКК көлік кілемшелері мен аксессуарларын тігуге арналған лазерлік жабдық сатып алу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 13,345 млн теңге несие алған. Өндірістік материалды Алматы қаласынан арнайы жеткізеді екен.
Аталмыш жобамен Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландырылған кәсіпкерлермен кездесу барысында танысып, кәсіпті дамыту жөніндегі идеяларымен бөлісті.
«Амантай пласт» компаниясы – «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған кәсіп. Олар қайта өңделген пластиктен көкөніс тасуға арналған жәшіктер өндіріп, Ресей, Израиль және Германия елдеріне экспорттауда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша әкімдікте өткен отырыста бұл кәсіптің өресін естіген өңір басшысы Ермек Көшербаев Түркістаннан өз жобасын үлгі ретінде таныстыруға келген кәсіп иесі Амантай Айдарханұлына пластик өңдейтін орталықты Шығыс Қазақстан облысында ашуды ұсынды.