KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
495.2 522.34 4.94

eGov Mobile қосымшасында Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық пайда болды

Бүгін, 15:00 39 Гульжан Мусина

eGov Mobile қосымшасында жаңа сервис — «Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» іске қосылды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі «ҰАТ» АҚ сілтеме жасап. 

Енді пайдаланушылар өздерінің несие алу және сақтандыру тарихын қадағалап, кредиттік қабілеттілігін онлайн режимде бағалай алады. Жаңа сервис пайдаланушыларға қаржылық сауаттылығын арттыруға, несие беделін бақылауға және сақтандыру тарихын оңтайлы басқаруға көмектеседі. eGov Mobile ұсынған бұл мүмкіндіктер азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру жолындағы кезекті қадам.

Сервис екі негізгі бөлімнен тұрады:

Кредиттеу
Сақтандыру
Әр бөлімде «Мемлекеттік несие бюросы» ұсынған мәліметтер негізінде пайдаланушыға жеке ақпарат беріледі.

«Кредиттеу» бөлімі
Бұл бөлімде соңғы бес жылдағы несиелік тарих туралы ақпарат көрсетіледі:

Белсенді несие міндеттемелері.
Несие тарихының деректері негізінде есептелген скорингтік балл.
Скорингтік балл — пайдаланушының несие қабілеттілігін көрсететін көрсеткіш. Ол ақпараттық сипатқа ие және кредиттік мінез-құлықты бағалауға арналған. Балл несие алу мүмкіндігін нақты анықтамайды, тек жалпы бедел деңгейін көрсетеді.

«Сақтандыру» бөлімі
Бұл бөлімде пайдаланушы келесі мәліметтермен таныса алады:

Бұрын жасалған сақтандыру шарттары мен полистері туралы есеп.
Міндетті автосақтандыру құнына әсер ететін бонус-малус класы.
Егер мәліметтерге қатысты сұрақтар туындаса, пайдаланушылар тиісті кредит беруші ұйымға немесе сақтандыру компаниясына хабарласуы қажет.

Жаңа сервистің барлық функциялары тегін қолжетімді. Оны пайдалану үшін:

eGov Mobile қосымшасына кіріп, авторизациядан өтіңіз.
«Басқа сервистер» → «МКБ. Кредиттік және сақтандыру тарихы бойынша нұсқаулық» бөліміне кіріңіз.
Жеке деректерді пайдалануға келісім беріңіз.
Несие және сақтандыру шарттары туралы мәліметтерді қараңыз.
Қажет болса, кредиттік немесе сақтандыру есебін жүктеп, смартфонға сақтаңыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу