Қазақстан азаматтары несие алуға өзіне тыйым сала алады
Фото: egemen.kz
Қазақстандықтар eGov mobile мобильдік қосымшасында және eGov.kz порталында несие алудан ерікті түрде бас тартатындығы жөнінде өтініш қалдыра алады.
Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды Altaynews Қазақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бағдат Мусиннің мәліметінше, бұл функция адамдардың қауіпсіздігі үшін қажет. Яғни қазақстандықтар кредитті заңсыз ресімдейтін алаяқтардан қорғалады.
Қазір дәл осындай сервис Бірінші кредиттік бюроның сайтында бар. Бірақ ол ақылы. Ал Электронды үкімет порталында кредит алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш тегін қабылданады.
Қарыз алудан ерікті түрде бас тарту сервисі eGov.kz mobile мобильдік қосымшасының басты бетінде, «Танымал қызметтер» бөлімінде орналастырылған. Осыған ұқсас қызмет eGov.kz порталындағы «Азаматтарға» - «Кеден және салықтар» - «Экономика және қаржы» бөлімінде орналастырылған.
Сервис ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің, Бірінші кредиттік бюроның және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ ақпараттық жүйелерінің интеграциясы арқасында іске асырылған.