ШҚО-да бруцеллезге ұшырау жағдайлары азайды
Бруцеллез Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы саласындағы ветеринарлық қауіпсіздіктің басым бағыты екені белгілі. Бүгінгі таңда бруцеллезге ұшырау жағдайлары азайып отыр. Бұл туралы ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов облыс әкімдігінде өткен отырыста мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, аурудың негізгі себептеріне табиғи ошақтар, залалданған жайылымдар мен суаттар, сондай-ақ мал иелерінің санитарлық нормаларды тиісті деңгейде сақтамауы жатады. Осыған қарамастан, кешенді шаралардың арқасында жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізіліп отыр.
Ол жағдайды жақсартуда жануарларды уақтылы сәйкестендіру, сапалы диагностикалау және екпе жасау маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл шаралар өңірдің ветеринарлық салауаттылығын нығайтып қана қоймай, қауіпті инфекциялармен байланысты экономикалық шығындарды азайтады.
Айта кетейік, 2024 жылы ветеринарлық іс-шараларға 2,2 миллиард теңге бөлінді, оның 1,6 миллиарды эпизоотиялармен күресуге бағытталған. Жұмыстар 11 коммуналдық кәсіпорынның басқаруымен 99 пунктте жұмыс істейтін 556 маманның күшімен жүргізілуде.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Ветеринария басқармасына 2025 жылы профилактикалық іс-шаралар мен диагностикалық зерттеулердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.





