KZ
Өскемен
+22°
небольшая облачность Штиль
515.03 584.82 6.24

ШҚО-да ауыл шаруашылығы техникасы паркі жаңартуды қажет етеді

27.11.2024, 12:05 163 Гульжан Мусина

Өңірде ескі техниканы есептен шығарып, машина-трактор паркін жаңалау деңгейі  төмен. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығына қажетті көліктер мен құрал-жабдықтарды жаңарту жөніндегі бекітілген жоспарлы көрсеткіштің 5,5%-нан 2,3%-ы ғана орындалған. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінде болған жиында айтылды, - деп хабарлайды  Аltainews.kz тілшісі. 

Елдегі 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе арттыру көзделген Жол картасын іске асыру жөнінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің отырысы өтті. Бірқатар бағытта ағымдағы жылдың 10 айы бойынша көрсеткіштер баяндалған жиында өзекті деректер тарқатылды. 

- Біздегі ауыл шаруашылығы көліктерін жаңалау қарқыны баяу. Өйткені бұл бағытта облыс аумағындағы Глубокое мен Самар аудандарынан басқа, Өскемен, Риддер қалалары мен Катонқарағай ауданында мүлдем жұмыс жасалмаған. Жалпы, жыл соңына дейін машина-трактор паркін жаңалау жұмыстары бойынша, жылдық жоспарға сай, межелі міндетті орындаудың мүмкіндігі бар, - деп атап өтті ШҚО ауылшаруашылығы басқармасының басшысы м. а. Диляра Жылқайдарова. 

Бұл ретте ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қазіргі уақытта ірі шаруа қожалықтарының өзі техника паркін толықтай жаңартуға қауқарсыз. Негізінен пайдалану мен жөндеудің техникалық шарттарына сәйкес, тракторлар, комбайндар мен басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Ал іс жүзінде, елде ескірген техника көп. Ауыл шаруашылығы саласындағы көліктер мен шаруашылық құралдарының көпшілігінің мерзімі өтіп кетсе де, қолданыстан шығарылмаған. 
 
Көпшілікке мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жалпы өнімнің көлемін 2 есеге арттыруды тапсырып, Үкіметке бірқатар міндет жүктеген еді. Жуықта өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің I форумында ел Президенті агросектор әлеуетін толық пайдалану үшін өнім өндірушілерді заманауи техникамен тез арада жарақтандыру қажеттігін айтты. 
Осы мақсатпен биыл елімізде 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн шығарылған. 

- Мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10%-ға дейін жеткізу жөнінде міндет қойдым. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5%-бен лизингке беру бағдарламасы басталды, - деді Президент.

Арайлым Нығметоллақызы 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу