KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

ШҚО-да иппотерапия саласы қарқынды дамып келеді

Фото: pexels.com

9.12.2024, 16:30 11 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысында 28 мың мүгедектігі бар адам тұрады, оның ішінде 2,9 мыңы – балалар. Олардың арасында көру қабілеті нашарлаған 4 270 адам, есту қабілеті бұзылған 1 093 адам және қозғалыста қиындықтары бар 8 187 адам бар.

Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау және оңалту мақсатында Өскемен қаласы мен Зайсан ауданында иппотерапия және бейімделген ат спорты қызметтері ұйымдастырылған. Бұл қызметтер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде жүзеге асырылуда. 2024 жылы осы қызметтерге жалпы 102 миллион теңге бөлініп, 127 адам қамтылды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Өскемен қаласында «Ақ тай» мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсету қоры» қоғамдық ұйымы арқылы 112 адам иппотерапиямен қамтылған. Бұл қызмет 2024 жылғы 28 наурыздағы №127 келісімшарт негізінде жүзеге асырылып, жалпы құны 63,5 миллион теңгені құрады. 9 ай ішінде 10 640 иппотерапия сабағын өтті, әр сабақтың құны – 5 969 теңге.

Сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтарға көлік қызметін көрсету үшін жеке кәсіпкер Сергей Гусевпен 2024 жылғы 3 сәуірде №31 келісімшарт жасалып, жалпы құны 20,5 миллион теңге бөлінді.

Бейімделген ат спортымен айналысатын спортшылардың жетістіктері жоғары деңгейде. Мысалы, Германияда өткен Дүниежүзілік арнайы Олимпиада ойындарында Вишневская Валерия мен Старцев Олег үш түрлі жарысқа қатысып, 8-ден 5-ке дейінгі орындарды иеленді. Мәскеуде өткен Д. Хоперия атындағы Ашық Кубок жарысында Ермекова Айғаным (церебральды сал ауруы) екі күміс медаль, Старцев Олег (интеллектуалдық даму ерекшелігі) екі күміс медаль, ал Некрасов Иван (интеллектуалдық даму ерекшелігі) бір алтын және бір қола медаль жеңіп алды. 2023 жылы өткен республикалық жарыстарда ШҚО спортшылары жүлделі орындардың 80%-ын иеленді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның паралимпиадалық ат спорты құрамасы толықтай Шығыс Қазақстан облысының спортшыларынан құралды.

ШҚО-да иппотерапия 2013 жылы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Өскемен қаласында бастау алды. Алғашқы жұмыстар «Үлбі» КММ негізінде Глубокое ауданы Винное ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған ат спорты манежінде жүргізілді. Кейін бұл нысан коммуналдық меншікке берілді.

2016 жылы иппотерапия және бейімделген ат спорты қызметтері облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының қарамағына өтті. Қызметтер «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» КММ негізінде жүзеге асырылды.

2023 жылы иппотерапия қызметі Дене шынықтыру және спорт басқармасынан жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына берілді. Бұл қадам қызметтердің қолжетімділігін арттырып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуметтік интеграциясын қолдауға бағытталған.

Шығыс Қазақстан облысында иппотерапия және бейімделген ат спорты ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға үлкен үлес қосуда. Мемлекеттік қолдау аясында бұл қызметтердің дамуы әрі қарай да жалғасып, спортшылардың жетістіктері жаңа белестерге жетуге мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу