KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, З
517.66 606.49 6.44

Шығыста «Табиғат келбеттері» атты сурет көрмесі ашылды (видео)

4.12.2024, 14:30 490 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдің жануарлар әлемін зерттеу және насихаттау мақсатында «Табиғат келбеттері» атты сурет көрмесі ашылды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Иллюстрациялаушы, анималист-суретші, бүкілресейлік аймақтық көрмелердің қатысушысы және жеке көрмелердің авторы Елена Уткинаның туындылары негізінен сурет салуға қызығатын оқушыларға, студенттерге, сондай-ақ сурет өнерін бағалайтын қала тұрғындары мен қонақтарына арналған.

– Мақсатымыз – келушілерге бейнелеу өнері арқылы Шығыс Қазақстанның жануарлар әлемінің байлығы мен ерекшелігін ашып көрсету. Сонымен қатар табиғатты зерттеп-зерделеудің маңыздылығын түсіндіру. Бұл шара, әсіресе, балалардың қоршаған ортаға деген қызығушылығын арттырып, табиғатқа құрмет қалыптастыруға бағытталған, – деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозициялық көрме бөлімінің меңгерушісі Альфия Нұрланқызы.

Экспозицияда Шығыс Қазақстанда кездесетін жануарлардың – кішкентай кеміргіштерден бастап ірі шөпқоректілер мен жыртқыштардың сыртқы бейнесі, әдеттері мен мінез-құлықтары көрсетілген бірнеше ондаған графикалық және кескіндемелік жұмыстар ұсынылды. Көрмеде суретшінің шығармашылық әдістемесіне, суреттер салу барысындағы эскиздеріне және аяқталған картиналарына ерекше назар аударылған.

– Бұл көрмеде ерекше атап өтетін бірнеше картинам бар. Біріншісі – таулы Шығыс Қазақстанда мекендейтін, қысы қатал аймаққа тән сирек кездесетін тау барысының бейнесі. Екіншісі – жылқылардың суреті. Қазақстанға келгенге дейін жылқы салмаған едім. Бұл менің алғашқы тәжірибем болды. Жылқыны салу барысында қазақ халқының неге бұл жануарды ерекше жақсы көретінін түсіндім, – деді суретші Елена Уткина.

Сонымен қатар, келушілер өңірде мекендейтін тиіннің, боршатышқанның, түлкінің және Қызыл кітапқа енгізілген құстардың графикалық эскиздерін тамашалай алады.

Көрме қала тұрғындары мен қонақтары үшін 1 ай көлемінде ашық болады.

Ақерке Рағызбаева
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу