KZ
Өскемен
-9°
туман жел 1 м/с, С
502.27 597.15 6.57

ШҚО-да бюджет шығындарына қатаң мониторинг жүргізілуде (видео)

4.12.2024, 16:15 917 Төлеуғазы Жансая

 

Шығыс Қазақстан облысында бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, шығыстарды шектеуге және қатаң бақылауға бағытталған бірқатар пәрменді шаралар қабылдануда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, өңір экономикасының өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2024-2026 жылдарға арналған салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша резервтерді анықтау алгоритмі әзірленген. Аталмыш алгоритммен жеке табыс, әлеуметтік, жер және басқа да салықтар түсімдерінің ұлғаюы есебінен салық салынатын базаның өсуі көзделіп отыр.
Сонымен қатар, басқа өңірлерде есепте тұрса да ШҚО-да қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлердің тізімі қалыптастырылмақ. Салықтардың жергілікті бюджетке түсуін есепке алу үшін салық төлеушілердің дерекқоры дайындалуда.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс бюджетіне қосымша 3,7 млрд. теңге өндірілді. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін шешуге, сондай-ақ ірі бюджеттік жобаларды бірлесіп қаржыландыруға бағытталған.

-    Бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында тұрақты негізде бюджет шығындарының жаратылуына тоқсан сайынғы мониторинг жүргізіледі, игерілмеу себептері анықталады, бюджет заңнамасының талаптарын сақтау бойынша шаралар қабылданады. Күн сайын қазынашылық органдары арқылы кассалық операциялар мен төлем шоттарына, сондай-ақ игерілмеген қаражат қалдықтары бойынша деректер алынады. Сонымен қатар қаржыландыру жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша қаржылық рәсімдер мен бюджет қаражатының игерілмеу себептерін анықтау бойынша талдау жүргізіледі, - деп хабарлады Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кету керек, бұл жұмыстың қорытындылары қалалар мен аудандар әкімдерінің, облыстық мекемелер басшыларының қатысуымен өтетін кеңестерде егжей-тегжейлі қаралады.

Кассалық операцияларды талдау нәтижелері бойынша бюджет қаражатын тиімсіз, уақтылы пайдаланбау тәуекелдері туындаған жағдайда оларды одан әрі пайдалану процесін реттеу жөніндегі ұсыныстар бюджет заңнамасы шеңберінде қаралатын болады.

ШҚО әкімінің бірінші орынбасары бюджет қаражатындағы қателіктер үшін кінәлі басшыларға ең қатаң шаралар қолданылатынын жоққа шығармайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу