KZ
Өскемен
+14°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

ШҚО тексеру комиссиясының төрағасы тағайындалды

17.06.2019, 06:36 196

Қалалар мен аудандар әкімдері селекторлық режимде қатысқан облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХ сессиясында облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайы қаралды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Сессияның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев қатысты.

«2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 13 желтоқсандағы № 25/280-VI шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайын баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова 2019 жылға облыстық бюджеттің шығыстары 332,9 млрд. теңгені құрағанын мәлім етті. Барлық әкімшілер бойынша көлем толық қамтамасыз етілген. Жалақы, коммуналдық қызмет пен әлеуметтік төлемдер бойынша ешқандай берешек жоқ.

– Бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізуге республикалық бюджеттен келетін несиелер мен мақсатты трансферттердің 21,9 млрд. теңгеге артуы себеп болды. Оның ішінде бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 11,1, атаулы әлеуметтік көмек 5,8, сумен қамтуды дамыту 2,2 млрд. теңгеге, сонымен бірге аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан баспана алу 799,0 млн. теңгеге ұлғайды, – деп атап өтті басқарма басшысы Сәуле Ұлақова.

Сонымен қатар облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімі негізінде қаржы қайта бөлініп, нәтижесінде лимиттер көбейген. Аталған қаражаттар облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім, облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары, сондай-ақ облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармаларына бағытталған.

Жиында бұдан бөлек, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы тағайындалып, бұл қызметке бұған дейін 2017-2018 жылдары Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Астана қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары болып қызмет еткен Ерік Тұрсынғалиев келді.

Сессияда сондай-ақ бірқатар әртүрлі мәселелер де қаралып, ол бойынша облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк баяндады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив