Өскеменде «Шығыс салбурыны» фотокөрмесі өтеді

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне арналған іс-шаралар аясында 13 желтоқсан күні сағат 15.00-де А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Шығыс салбурыны» фотокөрмесінің ашылу рәсімі өтеді.
Фотокөрме 10-14 қыркүйек аралығында Шығыс Қазақстан облысында өткен бүркітшілердің дәстүрлі «Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалінің жарқын сәттеріне арналады. Бұл фестиваль аймақта осымен төртінші рет ұйымдастырылып, оған Моңғолия, Қытай, Мажарстан, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясының құсбегілері қатысып, өз өнерлерін көрсеткен болатын. Фестиваль аясында құсбегілер қыран құстарын сынап, тақымы мықты жігіттер асау үйретіп, мергендер садақ атудан жарысты.
Көрмеге жергілікті фотографтардың фестиваль кезінде түсірген үздік суреттері қойылады. Бұл фотосуреттер арқылы шараның атмосферасы мен қазақтың бай мәдени мұрасы көрермендерге жақыннан таныстырылады.
Көрме аясында арнайы шақырылған белгілі құсбегілер қатысып, бүркіт баптау, құмай тазыларды аңшылыққа баулу және саятшылық дәстүрі туралы ой бөліседі. Сонымен қатар, олар өз кәсібінің қыр-сырын, оның қазіргі таңдағы дамуы мен насихатталуы туралы әңгімелеп, қатысушылардың сұрақтарына жауап береді.
«Шығыс салбурыны» фестивалі – қазақ халқының көне заманнан келе жатқан құсбегілік өнерін жаңғыртатын әрі оны әлемге танытатын маңызды шаралардың бірі. Бұл дәстүрлі өнерді сақтау арқылы ұлттық мәдениетімізге шетелдік қызығушылық артып, оның жаңа серпін алатыны сөзсіз.
Барша Өскемен тұрғындары мен қала қонақтарын қазақ мәдениетінің айрықша мұрасын насихаттауға бағытталған «Шығыс салбурыны» фотокөрмесін тамашалауға шақырамыз!
Өтетін орны: А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана
Күні мен уақыты: 13 желтоқсан, сағат 15.00