Заңсыз қару алып жүргендерге жаза қатал

Шартты сурет: egemen.kz
Суық қаруды заңсыз алып жүргені немесе сатқаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Жалпы, елімізде суық қаруды алып жүрудің жазасы қатал екенін айту керек. Бұған әрине, аң аулау кәсібімен байланысты жағдайларды қоспаған жөн. Мәселен, суық қаруды заңсыз алып жүрген немесе сатқан азаматтар екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұлмен жазалануы мүмкін. Сондай-ақ оларға қатысты сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту жазасы қолданылуы ықтимал. Мұндай жазаны қаруды және оқ-дәрісі мен керек-жарақтарын тиісті рұқсаты жоқ жеке тұлғаларға, ұйымдарға сатқан сауда ұйымдарының қызметкерлері де арқалайды. Осы ретте, бұл азаматтарға жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе елу тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін.
Оқталмаған атыс қаруын, травматикалық патрондармен ату мүмкіндігі бар газ қаруын, қысқа әрі тегіс ұңғылы қаруды, сол сияқты олардың патрондарын заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына әлде алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға себеп бола алады. Сонымен бірге мұндай азаматтарға қатысты екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айту керек.
Атыс қаруын (тегіс ұңғылы аңшылық қарудан басқа), оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға себеп бола алады. Бұған қоса, мұндай азаматтарға бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген, адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы бір не бірнеше рет жасаған заңсыз әрекеттері үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға себерп бола алады.
Осы баптың үшінші немесе төртінші бөліктерінде көрсетілгендей, заңсыз әрекет жасаған қылмыстық топ мүшелері бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы ықтимал.
Сондай-ақ, осы бапта көрсетілгендей, заттарды өз еркімен тапсырған адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Айжан Құсайынова,
Өскемен қаласы мамандандырылған тергеу сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы