Сыйлық үшін сотқа тартады
фото: depositphotos.com
Сыйлық берген де, алған да сотқа тартылуы мүмкін. Себебі әркімнің өз міндетіне кіретін жұмысы үшін сыйақы алуы – заңсыздық. Заңсыз сыйақы алғаны үшін кез келген адам Қылмыстық кодекстің 247-бабы бойынша жауапқа тартылады.
Жауапқа тарту сыйақы мөлшері мен оны алушының заңды бұзуына байланысты болады. Мемлекеттiк органның немесе мемлекеттiк ұйымның мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адамы болып саналмайтын жұмыскерiнiң немесе оған теңестiрiлген адамның, сол сияқты мемлекеттiк емес ұйымның басқару функцияларын орындамайтын жұмыскерiнiң өз мiндеттерi аясына кіретін жұмысты орындағаны немесе қызмет көрсеткенi үшiн материалдық сыйақыны, жеңiлдiктердi және мүлiктiк сипатта көрсетiлетін қызметтерді заңсыз алуы – 80 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеліп соғады. Сондай-ақ сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа немесе жиырма тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.
Ал бірнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет үшін – 120 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту жазасы беріледі. Болмаса 120 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылып, 30 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынады.
Сондай-ақ осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, iрi мөлшерде сыйақы алумен байланысты не қорқытып алумен ұштасқан іс-әрекеттер – мүлкін тәркілеу немесе белгiлi бiр лауазымдарды атқару, белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыру жазасы беріледі. Одан бөлек ондай заңсыздыққа барған адамға 2 мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы көзделген.
Егер сыйлықтың құны бес айлық есептiк көрсеткiштен аспаса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамның өзінің міндетіне кіретін жұмыстарды бұрын орындағаны немесе қызмет көрсеткені үшiн алдын ала уағдаластық болмаған кезде сыйлық ретінде материалдық сыйақы, жеңілдік немесе мүлiктiк сипаттағы қызметті алуы маңызы аз болуына байланысты бұл әрекет қылмыстық құқық бұзушылыққа жатқызылмайды және оған тәртiптiк жаза беріледі.
Қалай болғанда да заңсыз сыйақы алудың арты өкінішке соғарын естен шығармаған жөн!
Г.Шакирова,
Өскемен қалалық мамандандырылған
тергеу сотының бас маманы