KZ
Өскемен
-5°
небольшой снег жел 4 м/с, Ю
521.81 543.67 5.05

Зайсан өңіріндегі білім саласының жетістіктері қандай?

pexels.com

14.12.2024, 16:00 256 Гульжан Мусина

Білім беру жүйесі – қоғамның болашағын қалыптастыратын негізгі салалардың бірі. Зайсан ауданының бұл бағыттағы жұмысы ауқымды өзгерістер мен жаңа жобалармен ерекшеленуде. Қазіргі уақытта білім беру мекемелерін жаңарту, жаңа мектептер салу, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту және техникалық білім беру сапасын арттыру жұмыстары белсенді жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.    

Зайсан ауданында барлығы 49 білім беру нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 27 мектеп, 6 мемлекеттік және 12 жеке меншік балабақша, 2 қосымша білім беру ұйымы, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті бар. Сонымен қатар, ауданның кәсіптік білім беру саласында маңызды орын алатын «Зайсан технологиялық колледжі» жұмыс істеуде, онда 163 студент білім алады. 

Ауданда мектептерді жаңарту мен жаңғырту жұмыстары ерекше назарда. Биылдың өзінде 54,8 млн теңгеге төрт білім беру нысанында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Айнабұлақ орта мектебіне – 29 млн теңге, Көгедай орта мектебіне – 14,6 млн теңге, Сарытерек орта мектебіне – 10 млн теңге, ал Мүқарама атындағы мектеп-балабақша кешеніне 1 млн теңге бөлінді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 201,6 млн теңгеге жеткен болатын, оның нәтижесінде 13 білім беру нысаны жөнделді. 

Аудандағы білім беру сапасын арттыру мақсатында мектептердің материалдық базасы да жаңартылып келеді. Мәселен, Айнабұлақ орта мектебіне биология кабинеті, Қаратал орта мектебіне химия кабинеті және Кеңсай орта мектебіне робототехника кабинеті жабдықталды. Жаңа модификациядағы кабинеттерді жабдықтауға 28,7 млн теңге бөлінді. 

Зайсан ауданында білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқын алуда. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Жарсу ауылында мектептің спорттық корпусының құрылысы басталды. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 194 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен Зайсан қаласының Сауыр ықшамауданында 300 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. 1 182,6 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген бұл жоба ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 

Үлкен Қаратал ауылында құны 1,3 млрд теңге болатын 150 орындық мектептің құрылысы да басталды. Бұл мектеп оффтейк келісімшарты аясында жүзеге асырылуда және 2025 жылы аяқталады. 

Зайсан ауданында 2-3 жас аралығындағы 45 бала мектепке дейінгі мекемелерге кезекте тұр. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа орындар ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл шаралар балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейін айтарлықтай арттырады деп күтілуде. 

Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі де Зайсан ауданында назардан тыс қалған жоқ. «Қонақжай отбасы» жобасы бұл бағытта үлкен нәтижелер беріп отыр. Жоба аясында аудандағы балалар облыстың әртүрлі өңірлеріндегі отбасыларда тұрып, қазақ және орыс тілдерін меңгеруде. Бұл бастама Қазақстанның барлық аймағында қолдануға ұсынылған. 

Зайсан ауданы білім беру саласындағы жетістіктерімен, жаңа жобаларымен және даму жоспарларымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлес қосуда. Мектептердің материалдық базасын жаңарту, жаңа білім беру нысандарын салу және мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жобалар ауданның білім беру деңгейін жаңа белеске көтеруде. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп, келешек ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік туғызады. Зайсанның білім саласындағы табыстары бүкіл облысқа үлгі бола алады. 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу