KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
527.3 544.86 4.95

Желтоқсан – тәуелсіздік бастауы

14.12.2024, 13:30 178 Гульжан Мусина

1986 жылғы желтоқсанның қаһарлы күндері –  халық жадынан өшпеді. Сол жылы халқымыздың өрімдей жас ұл-қыздары әділдік іздеп, алаңға шықты. Жастарды алаңға жетелеп апарған – кеудедегі асқақ рух, өр мінез. Биыл Тәуелсіздігімізге  – 33, ал Желтоқсан қозғаласына – 38 жыл толып отыр.

1986 жылы 16 желтоқсанда Алматыда елімізді 24 жылдан астам уақыт бойы басқарған Дінмұхаммед Қонаев қызметінен түсіріліп, орнына Қазақстанда бұрын-соңды болмаған Геннадий Колбин тағайындалады. Ол кезде одаққа қарасты республика басшылары жергілікті компартияның бірінші хатшысы аталатын. Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы ауыстырылғанына наразы болған бірнеше мың адам – дені студент және жұмысшы қазақ жастары, 17-желтоқсанда Алматының орталық алаңына жиналды. Жалынды жастар азаттық жолында екі күн бойы алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық білдірді. Осындай қарсылық көрсетулер республиканың көптеген қалалары мен елді мекендерінде де жалғасты. Совет билігі наразылықты күшпен басу туралы шешім қабылдап, бейбіт шеруге шыққандарды ұрып-соғып таратып, жаппай қамап, жауапқа тартады, жүзден астам адам сотталады. Осылайша, әділдік талап еткен бейбіт шеру аяусыз жанышталды. Талай қазақ қыршын кетті. Осыдан кейін Кеңес елінің басқа да елдерінде түрлі толқулар басталып, бес жылдан кейін Қызыл империяның туы жығылды. Қазақ азат болды.

1986 жылғы желтоқсанның ызғарлы күндерінен кейін 38 жыл уақыт өткенімен, қазақ жастарының саяси бас көтеруі ұмытылған жоқ, керісінше, маңызы артып келеді. Кешегі күні алаңға алаңсыз оймен, демократия, жариялылық үніне сеніп шыққан аңғал қыз-жігіттердің алды бүгінде алпыстың асқарындағы қауымға айналған. Көбісі денсаулықтарын алаңда жоғалтты. Желтоқсаншылардың өздері ғана емес, туған-туыстары да көп қиындық көрді. Қатысушылардың көбі алаңда не болғанын, не көргендерін қазіргі уақытқа дейін ашып айтуға жүрексінеді.  

–  Сол уақытты еске алу мен үшін өте ауыр, әлі күнге шейін жан дүнием түршігіп кетеді. Басым қатты ауырады сол соққылардан кейін, –  дейді желтоқсаншы Шынар Мамырбаева.

Көбісі сол күндері алаңға барған кездің әрбір сағаты мен минуты күні кешегідей саналарында сайрап жатқанын алға тартады.  

–  Біз, жалындаған жастар едік. Үкімет бізді естиді, «Қазақ еліне қазақ басшы керек!» деген талабымызға құлақ асады деген үмітпен бас көтердік қой. Соңы осындай қатыгездік пен қуғындауға ұласатыны үш ұйықтасам да, түсіме кірмепті,  – деп еске алады желтоқсаншы Гүлжанат Аманбаева. Айтуынша, Желтоқсаннан кейін өмірі қатты өзгерген. Сол жылдары жылап-сықтап жүріп оқуын аяқтап, диплом алып еліне оралғанда, қоғамның кереғар көзқарасына ұшырапты.  «Бүлікшіл», «бұзық» атануы себепті, жұмысқа да тұра алмаған. Ақыры, көршілес Ақжар ауылына кетуге мәжбүр болыпты.

–  Желтоқсаннан кейінгі өмірім сүреңсіз өмір ғой. Ата-ана алдында қадірің кеткен күндер. Оқу бітіріп, енді жұмысқа тұрдым дегенде, анам өмірден өтті. Анам ашуы қатты кісі еді, Желтоқсанның ақ, қарасын ажыратпай жатып, дүние салғаны көкіректе қалған мұң-шерім. Сол анамның аманатымен, шалғай жердегі Жаңатұрмыс ауылына барып, жұмысқа орналассам да, ол жерде де берекем болмай, ақыры қысқартылдым. Жұмыссыз ретінде тіркеліп, қоғамдық жұмыстар істеген кездер болды. Кейін желтоқсаншы ретінде тіркелгеннен кейін, Зайсан ауданындағы «Желтоқсан-86» ҚБ жетекшісі болып үш жылдай қызмет еттім. Өзім мектеп директоры, әрі ұзақ жылдар бойы тәрбие ісінің меңгерушісі болған соң,  балаларды рухы биік, патриот азамат етіп тәрбиелеуге үлесімді қосуға барынша тырыстым,  –  деп ағынан жарылды Гүлжан Аманбаева.

Көзі тірі желтоқсаншы аға-әпкелеріміз – бүгінгінің батырлары. Желтоқсаншылар «Бұл оқиға емес, көтеріліс» деп біледі.

– Қарапайым қазақтың баласымын. Оң мен солымды танып-білмеген, небәрі 21 жастамын. Сол кездегі ауыл шаруашылығы институтындағы «Электр энергетикасы» факультетінің 5-курс студенті едім. Елімізге бұрын келіп көрмеген, мүлде жат, өзге ұлт өкілі ел басқарады дегенге намыстанып, бас көтердік. Несін айтайын, енді желтоқсаншыларға деген көзқарас қандай болғанын өздеріңіз де білесіздер. Десе де, туған жерім Зайсанда, желтоқсаншы ретінде тіркелмей тұрып та, лайықты құрмет көрдім деп айта аламын. 2016 жылы Желтоқсан көтерілісіне 30 жыл толғанда, екі әйел адам, бес ер адамды қалалық әкімдікке шақырып, әкім орынбасары жасырын түрде әрқайсымызға мерейтойлық медаль берді. Негізі осы күнге шейін өкіметке қол жайып, ештеңе сұрамадық. Елін сүйетін халқымыздың әрбір ұл-қызы, біз сияқты азаматтық ерлікке барады деген сенімдемін, – дейді желтоқсаншы Ерболат Әлпиев.  

«Желтоқсанда қазақ жастары қайсарлық көрсетіп, ұйымшылдықпен бірігіп, бір-біріне демеу болғанын көрдім», –  деп еске алады күршімдік желтоқсаншы Роза Кенжеханова.

Шығыс Қазақстан облысында желтоқсаншылардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, ерліктерін дәріптеу мақсатында құрылып,  төрт жарым жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігі бар. Бірлестік төрағасы Маратбек Рамазановтың айтуынша, биыл 28 мамырда өңіріміздегі желтоқсаншылар ұйымына бес жыл толады. Қазіргі уақытта қоғамдық ұйымның мүшесі ретінде тіркеліп, тиісті куәліктерін алған 400-ге жуық адам бар екен. Жалпы, шығыс өңірінен Желтоқсандағы жастар қозғалысына қатысқандардың көптігін Маратбек Айтахметұлы былай деп түсіндіреді:

– Біздің шығыс негізінен, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығымен айналысады ғой. Сондықтан жастардың көпшілігі ауыл шаруашылығы техникумы, институты бар Алматыға барып оқыған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың арасында студенттермен қатар, жұмысшы жастар да болған.

Бірлестік төрағасы бүгінде желтоқсаншыларға деген қоғам көзқарасы өзгергенін, сол себепті де жергілікті билік өкілдерінің қолдауымен біршама жұмыстар атқарылғанын айтады. Мәселен, қазіргі уақытта 16 жасында қаза болған қазақтың қайсар қызы, Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджанованың есімін ұлықтау бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Аудандық деңгейде Сәбираны еске алуға арналған түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Жақында қаһарман қыздың есімі еліміздегі белгілі тұлғалардың қатарына енгізіліпті. Бүгінде  Зайсан қаласында Сәбира Мұхамеджанова атындағы көше бар. Ал Тарбағатай ауданында бұл бағыттағы жұмыс жақында оң шешімін таппақ. Сондай-ақ, Сәбира Есімбекқызы оқыған педагогикалық колледжде тақтатасы ауыстырылып, С.Мұхамеджанова атындағы жеке кабинет ашылған. Сонымен қоса батыр қыздың құрметіне атаулы шәкіртақы тағайындалғанына биыл екі жыл болыпты. Бұған қоса туған жері Тарбағатай ауданына қарасты Ақмектептегі орта мектептің алдына кеуде мүсіні орнатылған. Ендігі уақытта мектепке Сәбираның атын беру мәселесі ономастикалық жұмыстарға қатысты мораторий мерзімі аяқталған соң, қайта қаралады деп күтілуде. Әйтсе де, Маратбек Айтахметұлының айтуынша, 35 жылдан кейін Сәбираны ақтап алу қиынға соққан. Әйтеуір, Сәбирамен бірге оқыған 28 қыздың, сонымен қатар, Алматыдағы желтоқсаншылардың атсалысуының арқасында, тиісті құжаттар құзырлы мекемеге жөнелтіліп, түйткілді мәселенің түйіні тарқаған.

Осы орайда бірлестік төрағасы бұрын істі болып, сотталғандардың арасынан облыс бойынша 100-ге жуық желтоқсаншы ақталғанын айтады.

– Негізінде, желтоқсаншылардың ақталу жұмыстары шығыста саябыр, өте баяу жүріп жатыр деуге болады. Ақталамын деушілер Алматыға барады. Шыны керек, бұл оңай шаруа емес. Жол қаражаты бар, мұнымен қоса мұрағат қорларында тапжылмастан ұзақ уақыт бойы отыру керек дегендей, сондықтан ішінара біреуге тапсырып, сенімхат арқылы ақталып жатқан азаматтарымыз бар, –  дейді Маратбек Рамазанов.

Облыста қуғындау көрген, істі болған желтоқсаншылар туралы 70-80%-ға жуық деректер «Тәуелсіздікке жеткізген желтоқсандықтар» атты алматылық желтоқсаншылар құрастырып шығарған кітапта қамтылып жазылған екен. Бұдан бөлек, жергілікті желтоқсаншылар туралы ақпарат топтастырылған тағы бір деректі  кітап «Шығысқазақстандық желтоқсаншылар» деп аталады. 2022 жылы Тәуелсіздік күніне орай жарық көрген бұл кітап, екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі 1986 жылы 19-22 желтоқсан аралығында Өскемен және Семей қалаларында болған саяси бас көтеруге қатысқандар жайында болса, ал екінші бөлімінде 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері Алматы қаласында болған көтеріліске қатысқан шығысқазақстандықтар туралы жазылған. Қазіргі уақытта шығысқазақстандық желтоқсаншыларға әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмек ретінде, жылына бір рет  200 000 теңге көлеміндегі бір реттік төлемақы бар.  Арасында кейбірін емдеу-сауықтыру орындарына жіберіпті. Жақында әкімдік тарапы желтоқсаншыларға арнайы демалыс орны салынсын деп,  «Көгілдір бұғаз» немесе Ұлан ауданына қарасты Дұбығалы аумағынан 6 сотық жер бөлуге уәде етіпті.  

–  Бүгінде бізді тәрбиелік бағытта жас ұрпаққа көрсетіп, мектеп, колледж, университеттерге шақырып, таныстыру жұмыстары республика бойынша жанданды. Тағы да айтарым, Желтоқсан көтерілісіне 35 жыл толғанда, ұйым мүшелері мерейтойлық медальмен марапатталды. Өскемендегі Ертіс жағалауының бойындағы аллеяда «Тәуелсіздік монументі» бой көтерді. Бізге жергілікті студенттер альянсы қолғабыс жасап, аллеяға ақ қайың, қызыл шетен, сібір шыршасы сияқты ағаштарды отырғыздық. Бұл орынды көркейту, аббаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады,  –  дейді Маратбек Айтахметұлы.

Облыстық қоғамдық бірлестік төрағасы алда атқаратын жұмыс көп екенін айтады. Сонымен қоса желтоқсаншылар бұл күнді Тәуелсіздік мерекесі ретінде тойламай, Желтоқсан құрбандарын еске алып, азалы күн ретінде қабылдағанымыз жөн шығар деседі. Өйткені ел тарихында өзіндік орны бар, 1986 жылғы жастар қозғалысы – алдағы уақытта тарихи тұрғыдан өз бағасын алатынына сенімді. Айтуларынша, сол кезде ғана өскелең ұрпақ алдында бүкпесіз шындық айтылып, тарихи әділдік орнайды.

Арайлым Нығмтоллақызы

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу