Нұрдәулет Ақыш Өскеменде
Өскемен қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебінің бастауыш сынып оқушылары жазушы Нұрдәулет Ақышпен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Балалар кітапханасы» жобасы аясында жерлесіміз, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің, халықаралық «Жамбыл» және «Алаш» сыйлықтарының иегері, ҚР мәдениет қайраткері Нұрдәулет Бәбиханұлы Ақышпен кездесу өтті.
Кездесуге қатысқан бесінші сынып оқушылары автордың өмірі мен шығармашылығымен таныса келе, бағдарламадағы «Нағыз әже қайда?» шығармасын талдады. Жазушының «Нағыз әже қайда?» шығармасы бесінші сыныптың әдебиет оқулығына енгізілген. Балалар ол әңгімені мектеп бағдарламасы бойынша оқыған.
Ортаға «Нағыз әженің» келуі шараның маңызын айқындай түсті. Ақ кимешегін киіп, тәттілерден шашуын ала келген әже балаларға ұршық, кимешек туралы әңгімелеп айтып берді.
Оқушылар өздері мектеп қабырғасында оқып жүрген әңгіме авторымен кездескендеріне қуанып, шығармаға қызығушылықтарын танытып, «Әңгімедегі басты кейіпкер кім?», «Шығарманы жазуға не себепкер болды?», «Шығармадағы екі кішкентай қыздың қазіргі тағдыры қандай, қандай жетістіктерге жетті?» деген сияқты қызықты сұрақтар қойды. Осы шығармадағы әже мен қазіргі әжелер туралы өздерінің ой-пікірлерін айтты.
Автордың айтуынша, шығармадағы басты кейіпкер жазушы Нұрдәулет Ақыштың өзі, ал екі қыз өзінің балалары екен.
Кітап көрмесіне қойылған шығармаларымен толыққанды таныстырған автордың әңгімесі баршаны баурап алды. Жазушының білім ордасына арнайы ат басын бұрып келуі балалар үшін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы үлкен сый болды.
Айжанат Бақытқызы