ШҚО-дан 16 педагог республикалық кадр резервіне енді (видео)
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша республикалық кадр резервіне енген облыс мұғалімдерімен кездесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау бойынша жұмыстарды іске асырып келеді. Былтыр бұл жоба пилоттық режимде іске қосылған болатын.
Айта кетсек, білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтеді, екінші кезеңде оқуға жіберіледі, үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтеді, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізіледі және бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. Нәтижесінде басшылардың республикалық кадрлық резерві құрылады.
Барлық кезеңнен сәтті өткен үміткерлерге сертификат беріледі, соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар республикалық кадр резервіне енгізіледі. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурссыз тағайындалады.
Сондай-ақ, сертификат алғандарға «басшы-көшбасшы» біліктілік санаты беріледі.
Бұл жобаны жүзеге асыру «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан заманауи мектептерді даярланған басшылармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге және жаңа үлгідегі мектеп басшыларының кадрлық резервін қалыптастыруға ықпал етеді.
Айжанат Бақытқызы
Фото/Видео: Даниил Суворов