Бала жүрегіне үміт сыйлаған сиқырлы шырша мерекесі (видео)
Жаңа жыл қарсаңында ел Президенті мен облыс әкімінің атынан балаларға мереке ұйымдастырып, сыйлықтар беру игі дәстүрге айналған. Бүгін Өскемендегі «Жекпе-жек» сарайында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған шырша мерекесі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа жылдық шырша мерекесі — балалар үшін ең қызықты да қуанышты сәттердің бірі. Балалар асыға күткен бүгінгі шырша мерекесіне өңірдегі ерекше білім беру қажеттіліктері бар 9-13 жас аралығындағы 150 бала қатысты.
Ғажайып ертегілер әлеміне еніп, қуаныш пен шаттыққа бөленген балаларды облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев аймақ басшысының атынан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, балалармен бірге жаңажылдық шыршаның шамдарын жақты.
Шара барысында жаңа жылдық ғажайыптар мен сиқырлар әлеміне саяхат ұйымдастырылып, онда балалар Панда, Ақ аю, Робот, Гарри Поттер сияқты әйгілі мультфильмдердің және халық ертегілерінің кейіпкерлерімен кездесті. Сондай-ақ, түрлі-түсті шоу-қойылым, арнайы бағдарламалар мен ойындар ұйымдастырылып, әрбір баланың мүмкіндігіне қарай қатысуына жағдай жасалды. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған балалар Аяз Ата, Ақшақармен бірге шыршаны айнала дөңгеленіп би биледі, ән шырқады.
Ерекше балаларға арналған шырша мерекесі тек балалардың ғана емес, олардың отбасыларының да көңілін көтеретін, оларға қолдау көрсетуге арналған іс-шара. Бүгінгі шырша мерекесіне қатысқан барлық балаға облыс әкімінің атынан 150 мың теңгенің ақшалай сертификаты, жұмсақ ойыншықтар мен тәтті сыйлықтар табысталды.
Ал кеше балалар Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында «Алтын балапан» жаңажылдық спектаклін тамашалады.
Думанға айналған шырша тойы балалардың көңілін бір серпілтіп, жүректерге жылулық пен үміт сыйлады.
Айжанат Бақытқызы
Фото: Аяужан Утеулинова
Видео: Ермек Жиенбеков