Күршім ауданында айналма жолдың құрылысы басталады (видео)
Күршім ауылында аудан орталығының қақ ортасымен өтетін ауыр жүк көліктерінің қозғалысын шектеуге мүмкіндік беріп, жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін айналма жол салынады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жобаға бөлінген 3,5 млрд теңгенің 3,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарастырылған. Биылғы жылы дайындық жұмыстары басталып, мердігер мекеме жер қыртысын дайындау жұмыстарына кіріскен.
Аудан орталығында айналма жол салу мәселесі өткен жылы аудан тұрғындарымен кездесуде көтерілген еді.
Айналма жолдың құрылысы аймақтағы жол инфрақұрылымдарын жақсартуға бағытталған. Биылғы «Жол жылы» аясында облыстық, республикалық маңыздағы күре жолдарды салып, жөндеуге облыстық және республикалық бюджеттен бөлінген қаржы екі есеге көбейді. Бұл облыстағы 600 км жол мен көшелерді, соның ішінде туристік нысандарға апаратын 121 км жолды қайта жасауға мүмкіндік берді.
Күршім ауданында 42 км жол мен көшелерді жаңартуға 2 млрд теңге жұмсалды. Күршім - Қалжыр - Бурабай жолының 15 км бөлігі орта жөндеуден өтіп, Күршім -Алғабас жолының, Маралды-Үшбұлак және Күршім-Қалжыр-Ақши жолының 12 километрі жаңартылды.
Аудандағы елді мекендердегі көшелер мен көпірлер де қалпына келтірілді. Құйған, Алғабас, Күршім ауылдарының 7,5 км көше жолдары жасалды. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Ақши, Бурабай, Бірлік, Қаратоғай ауылдарындағы 7,2 км көше жолдары және Үшбұлақ, Күршім-Топтерек ауылдарындағы көпірлер жөнделді.
Аударған: Жанаргүл Мұқатай
Фото: Нелли Петенева