Күршім ауылындағы айналма жол құрылысы басталды
Күршім ауданының орталығы Күршім ауылында ауыр жүк көліктерінің үздіксіз қозғалысынан туындайтын мәселелерді шешу мақсатында айналма жолдың құрылысы қолға алынды. Бұл жоба ауылдағы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.
Облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде көтерілген бұл мәселе аймақ басшысының ерекше бақылауына алынып, 2024 жылдың 18 қарашасында айналма жолдың құрылысы ресми түрде басталды. Ұзындығы 12 шақырымды құрайтын кең жолақты, асфальтталған жол ауылды айналып өтетін болады.
Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жобаның жүзеге асуы аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартып, ауыл ішіндегі жолдардың сапасын арттыруға және көлік инфрақұрылымының дамуына ықпал етеді. Тұрғындар бұл жол құрылысының ауылдағы көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдететініне сенім артуда.
Айналма жол – Күршім ауылындағы маңызды жобалардың бірі. Ол ауыл мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз.