Шығыс Қазақстанда барлық бағытта жол ашылды (видео)
2025 жылдың 5 қаңтары, сағат 06:00-ден бастап ҚР ТЖМ «Қазселқорғау» ММ хабарлама-ұсынымына сәйкес Шығыс Қазақстанда барлық автокөлік түрлері үшін қозғалыс ашылды. Оның ішінде «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» автожолы да бар (Ушанов ауылы – Алтай қаласына дейін).
Бұған дейін бірқатар бағытта жолдар жабылып, тазалау жұмыстары жүргізілген болатын. Құтқарушылар мен полицейлер бірігіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күндіз-түні тоқтатқан жоқ. Мәселен, күні кеше Алтай ауданында «Өскемен-Алтай» республикалық маңызы бар автожолының 66-шақырымында қар көшкіні қаупіне байланысты көлік қозғалысы шектеулі болған еді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ШҚО Полиция департаменті мен құтқарушылар автокөліктердің бір-бірден өтуін ұйымдастырып, жағдайды қадағалады.
Трассадағы қауіпсіздік шараларына ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері де жұмылдырылған. ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнында түнімен кезекші болған мамандар 40-қа жуық автокөліктің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті.
Қар көшкінінің қаупі бір күн бұрын аймақтағы қатты жел мен мол жауын-шашын салдарынан туындаған еді. Қардың мол түсуі және күннің күрт жылуы көшкіндердің өздігінен түсуіне әкелді.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға ескерту жасап, қар көшкіні қаупі жоғары аумақтарға бармауды және бұл учаскелерден өтпеуді сұрайды. Азаматтарға абай болу, жол жүру алдында ауа райы болжамын тексеру, төтенше жағдай қызметтерінің нұсқауларын қатаң сақтау ұсынылады.
Бұл шаралар тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған және мамандар ескертулерге немқұрайды қарамауды сұрайды.