KZ
Өскемен
-9°
туман жел 3 м/с, В
527.3 544.86 4.95

Мәжіліс депутаттары гематология орталығының құрылысымен танысты

5.01.2025, 11:00 252 Гульжан Мусина

 

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Ерлан Сайыров пен Лұқбек Тумашинов Өскеменде салынып жатқан гематология орталығының құрылыс барысымен танысты. Бұл орталық қан және жүрек-қан тамырлары ауруларын жоғары деңгейде диагностикалау мен емдеуге мүмкіндік беріп, медициналық көмектің сапасын айтарлықтай арттыруды көздейді, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Республикадағы жалғыз гематологиялық орталықтың құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған. Алайда, өткен жылы қаржы тапшылығынан құрылыс тоқтап қалған болатын. Жаңа жыл қарсаңында бұл мәселе шешіліп, қосымша қаражат бөлінген.

– Гематологиялық орталық «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан маңызды денсаулық сақтау нысаны. Үкімет алдына қосымша қаржыландыру мәселесін қойдық, нәтижесінде 30 миллиардтан астам теңге бөлінді. Орталықтың құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне беріледі деп күтілуде. Мұнда гематология ғана емес, кардиология және балалар бөлімшелері де жұмыс істейді. Барлық құрал-жабдықтар жеткізіліп, ғимаратқа жылу мен жарық берілген, – деді Ерлан Сайыров.

Қазіргі таңда нысанда ішкі әрлеу жұмыстары мен жабдықтау процесі жүріп жатыр.

– Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігіне осы кешенде жұмыс істейтін халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау мәселесін көтердік. Заманауи жабдықтармен жұмыс істей алатын кәсіби мамандарды дайындау маңызды, – деді Лұқбек Тумашинов.

Депутаттар орталықтың өңірдегі медициналық туризмді дамытуға да оң ықпал ететінін ерекше атап өтті. Орталық әлемдік стандарттарға сай жабдықталып, молекула-биологиялық және генетикалық зертханалар, сондай-ақ дің жасушаларын жасанды жағдайда өсіретін зертханалар жұмыс істейді. Бұл халыққа диагностикадан оңалтуға дейін кешенді қызмет ұсынуға мүмкіндік береді. Нысанның жалпы жобалық құны – 71 миллиард теңге.

Айна Ескенқызы

Фото: Аяужан Утеулинова

Видео: Данияр Сагидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу