Елімізде көлік-логистикалық кешен саласында 25 жаңа мамандық пайда болады
pexels.com
Қазақстанның көлік-логистикалық кешенінің қарқынды дамуы нәтижесінде орта мерзімді перспективада 25 жаңа мамандықтың қажеттілігі туындайды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің айтуынша, жаңа жобаларды жүзеге асыру кезінде заманауи технологияларды пайдалану жоспарланып отыр. Атап айтқанда, автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялауды жобалау үшін BIM технологиясы, яғни жобаның цифрлық аналогы мен 3D-модельдеу қолданылады. Бұл салада «ақылды жолдар» жасау үшін инженер-жобалаушылар, BIM технологиясында жұмыс тәжірибесі бар прорабтар, құрылыс роботтарының операторлары мен цифрлық жобалаушылар қажет болады. Сонымен қатар, көлік-логистика саласындағы ірі тораптарды басқару үшін цифрлық логистикалық карталар конструкторы мен операторы да сұранысқа ие.
Азаматтық авиация саласында сыртқы пилоттандырылатын авиациялық жүйелердің пилоттары қажет болады. Бұл бағытта уәкілетті орган мен білім беру мекемелерімен бірлесіп жаңа мамандықтарды ашу мәселесі қарастырылуда.
Бүгінгі таңда елімізде 9,7 миллион жұмыспен қамтылған халықтың 772 мыңдайы көлік саласында еңбек етеді, оның басым бөлігі теміржол және автомобиль көлігі, логистика және қоймалау салаларында жұмыс істейді.