Елімізде су тұтынудың жаңа нормалары енгізілмек
gov.kz
Еліміздің он бір өңірінде жеке тұлғалар үшін ауыз судың тарифтеу қағидаттары қайта қаралып, жаңа «тұтынудың әлеуметтік нормалары» енгізілді. Бұл жаңа тарифтеу жүйесі «неғұрлым көп тұтынсаңыз, соғұрлым көп төлейсіз» принципін негізге ала отырып, суды үнемдемейтін тұтынушылар үшін тарифтерді арттыруды қарастырады.
Жаңа нормалардың енгізілуі нәтижесінде, Қазақстанның алты облысында — Ақмола, Ақтөбе, Түркістан облыстарында, Ұлытау облысында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында ай сайын орта есеппен 1,65 млн текше метр су үнемделді. Бұған дейін бұл өңірлерде орташа тұтыну көлемі 21,1 млн текше метрді құраса, жаңа нормалар енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 19,5 млн текше метрге дейін төмендеді.
Әлеуметтік тұтыну нормаларын енгізу елде суды үнемдеу және ұтымды тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Алынған нәтижелердің тиімділігі осы тәсілдің қолданысқа енгізілуі арқылы дәлелденді.
2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Жамбыл облысында «әлеуметтік тұтыну нормалары» енгізілді, ал 2025 жылы Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында да осындай шараларды енгізу жоспарлануда.
Жаңа тарифтер арқылы экономикалық емес тұтынушылардан түсетін қосымша қаражат су жүйелерінің инфрақұрылымын жаңғыртуға және реконструкциялауға жұмсалатын болады. Бұл, өз кезегінде, қызметтердің сапасын жақсартуға және олардың тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, су тұтыну нормасы 3 текше метрден асқан кезде нормативтен тыс тұтыну үшін төлем 20% - ға, 5 текше метрден асқан кезде тариф 50% - ға, ал 10 текше метрден асқан жағдайда немесе есептеу құралдары болмаған кезде су үшін төлем екі есе артады.