Өскемендік оқушылар Quiz арқылы өлке тарихымен танысты (Видео)
Соңғы уақытта елімізде Quiz ойыны ерекше танымалдыққа ие болуда. Айта кетерлігі, қазақша Quiz ойынының отаны Өскемен екенін екінің бірі біле бермейді. Ең алғашқы қазақша Quiz осыдан бес жыл бұрын Шығыстың жүрегінде – Өскеменде бастау алған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінгі таңда Quiz ойындары апта сайын дерлік ұйымдастырылып, түрлі форматта өткізілуде. Мысалы, жуырда өлкеміздің мұрағатшылары өскемендік оқушылар арасында Quiz ұйымдастырды, оның аясында өңір тарихы кеңінен насихатталды.
Атап айтсақ, Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде Шығыс Қазақстанның тарихи мұрасы тақырыбына арналған Quiz интеллектуалды ойыны өтті.
Оған Ш. Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейдің, А. Байтұрсынов атындағы №20 орта мектептің, облыстық «Bilim-Innovation» лицейінің оқушыларынан жинақталған командалар қатысты. Ойын барысында қатысушылар берілген сұрақтарға тапқырлықпен 30-60 секундта жауап беріп, логикалық жұмбақтарды да шешті.
Қатысушылар ойын тақырыбына сай əр кезең сайын тестерге, суретті, тақырыптық және медиа сұрақтарға жауап берді. Жарыс екі жарым сағатқа жалғасты. Интеллектуалдық алаңда шамамен өлкеміздің тарихи-мәдени мұрасына қатысты елу шақты сұрақ қойылды.
Танымал Quiz интелектуалды ойыны жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіруге, бос уақыттарын тиімді өткізуге арналған. Жалпы, Quiz сөзі ағылшын тілінен аударғанда «викторина» деген мағынаны білдіреді.
Ержан Әбіш