KZ
Өскемен
-18°
небольшой снег жел 3 м/с, З
520.91 544.25 5.29

Студенттер мен мамандар: Жұмысшы мамандықтар жылындағы ашық диалог алаңы (видео)

Бүгін, 13:00 96 Гульжан Мусина

Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Жұмысшы мамандықтар жылына арналған ашық пікірталас алаңы ұйымдастырылды. Кездесуге түрлі жұмысшы мамандықтардың өкілдері, қоғамдық ұйымдар, студенттер мен оқытушылар қатысты, – деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Кездесудің мақсаты – университеттер мен колледждердің студенттерімен бірге жұмысшы мамандықтар саласындағы жаңа идеяларды талқылау.

– Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Amanat партиясы тиісті шаралар жоспарын белсенді түрде жүзеге асыруда. Осы дөңгелек үстел аясында студенттер облыстағы ең сұранысқа ие мамандықтар туралы өзекті ақпарат алады. Бізге электриктер, құрылысшылар, электр-газбен дәнекерлеушілер жетіспейді. Студенттердің осы саладағы жұмыстың артықшылықтарын білгенін қалаймыз, – деді Amanat партиясы филиалының өкілі Сайрангүл Жұмаділова.

Пікірталас барысында жаңа мамандарды оқыту, олардың кәсіби дайындығы мен жұмысшы мамандықтардағы мансаптық перспективалар сияқты мәселелер талқыланды. «Казцинк» ЖШС, «Цветмед» ЖШС кәсіпорындарының өкілдері, сондай-ақ денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және орман шаруашылығы салаларының мамандары табысқа жету құпияларымен бөлісіп, жұмыстардың қоғам өміріне әсерін айтып берді.

– Табиғи ресурстарды басқару саласында көптеген бос орындар бар. Бізге табиғатқа бейжай қарамайтын, әділетсіздікке қарсы күресуге дайын адамдар қажет. Біздің жұмысымыз браконьерлікпен күресуді, жануарларды құтқаруды және орман өрттерін сөндіруді қамтиды. Мемлекет біздің материалдық-техникалық базамызды тұрақты түрде жақсартып, еңбекақы қорын арттырып келеді, – деді Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет ету жасағының өкілі Мақсат Шәкіров.

Жұмысшы мамандықтар жылына қоса, биыл бірқатар маңызды мерейтойлық даталар атап өтіледі. Олар – Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы. ШҚО аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айжан Игасанова жұмысшы мамандықтардың беделін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

– Жұмысшы мамандықтар – еліміздің экономикасының негізі. Кәсіподақтардың басты миссиясы – еңбекшілердің кәсіби, әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау. Бүгінгі таңда облыста 14 салалық кәсіподақ бірлестігі жұмыс істейді, оларға сексен мыңнан астам адам мүше. Біз жұмыс орындарында лайықты жағдай жасауға жауаптымыз және ұсыныстарға әрдайым ашықпыз, – деді Айжан Игасанова.

Кәсіби колледждер мен оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар заманауи технологияларды енгізу мен жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасау қажеттілігін талқылады.

Кездесу нәтижесінде барлық қатысушылар жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігімен келісті.

Роксана Глыбова 

Фото: Нелли Петенева 

Видео: Жәнібек Ырысбай 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу