«Наурыз» бағдарламасының екінші кезеңі іске қосылады
pexels.com
Алдағы наурыз айына дейін «Наурыз» бағдарламасының екінші кезеңі іске қосылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі inform.kz порталына сілтеме жасап.
— 2025 жылдың бірінші тоқсанында «Наурыз» бағдарламасының екінші кезеңін іске қосу жоспарланып отыр. Ол жаңа шарттармен жұмыс істейтін болады. Бағдарламадағы өзгеріс депозиттегі жинақталған қаражаттың ең төменгі сомасына қатысты. Енді «Наурыз» бағдарламасына қатысуға өтінім беру үшін жинақта кемінде 2 миллион теңге болуы қажет, — делінген хабарламада.
Банк бұл шара бағдарламаға халықтың үлкен сұранысына байланысты қолға алынғанын және ол қатысушылар арасында әділ іріктеуді арттыруға бағытталғанын атап өткен. Яғни тұрғын үй жағдайын жақсартуға шынайы мақсат қойған және ең төменгі бастапқы жарнаны жинауға қауқары бар салымшыларға көбірек мүмкіндік беріледі.
Одан бөлек, «Наурыз» бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаға қатысты да өзгеріс енгізілетіні айтылған.
— Енді таза әрлеудегі тұрғын үйді таңдай отырып, бағдарламаға қатысушыларға қарыз сомасының 10% мөлшерінде, бірақ кемінде 2 миллион теңге бастапқы жарна төлеуі жеткілікті. Бұл өзгеріс құрылыс компанияларын сатуға қойылған таза әрлеудегі тұрғын үйлердің санын арттыруға ынталандырады, — делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз