Өңір экономикасының тірегі: ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде
ШҚО ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, бірқатар өнім түрлері бойынша республикада көш бастап тұр. Өңір өсімдік майы, шұжық өнімдері, қымыз және бал өндірісі бойынша елде бірінші орынға ие. Сонымен қатар, құс еті, ерітілген ірімшік және майлы сүзбе өндірісі бойынша екінші, ал балық өнімдері, қарақұмық жармасы және консервілер өндірісі бойынша үшінші орынға тұрақтады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі бойынша облыс алдыңғы қатарда. Арпа мен рапс өнімділігі бойынша республикада бірінші орын алса, күнбағыс өнімділігі жөнінен Қызылорда облысынан кейін екінші, ал бидай өнімділігі бойынша Жетісу және Түркістан облыстарынан кейін үшінші орынға ие болды.
ШҚО кәсіпорындары халықаралық деңгейде де жоғары бағалануда. «Восток-Молоко» корпорациясы Халықаралық ірімшік жасаушылар гильдиясының құрметті мүшесі атанып, «КАЧКАВАЛ» тұзды ірімшігі үшін алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ «МААСДАМ» ірімшігі күміс, ал «ПАРМЕЗАН» және «ГОЛЛАНД» ірімшіктері қола медальды алды.
Өңірде суармалы егіншілікті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да қарқынды дамуда. 2024 жылы қайта өңделген өнімнің экспорттық көлемі 65,2%-ға өсті. Қытай мен Өзбекстанда өткен халықаралық іс-шаралар аясында өсімдік майын жеткізу бойынша ірі келісімдер жасалды.
Мал шаруашылығы тұрақты дамып келеді. 2024 жылы 161,4 мың тонна мал мен құс еті өндірілсе, сүт өндірісі 239 мың тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 5,8%-ға өсті. Шаруаларды жаңа техникамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 2024 жылы 11 миллиард теңгеге 545 бірлік жаңа техника мен жабдық берілді, оның ішінде 237 трактор мен 42 комбайн лизингке сатып алынды.
Өңірде 20,6 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 14 ірі жоба жүзеге асырылды. Өскеменде салынып жатқан май экстракция зауытының құрылысы аяқталуға жақын, бұл зауыт іске қосылғаннан кейін экспорттық әлеуетті арттыруға үлкен үлес қосары сөзсіз.
2024 жылы ауыл шаруашылығын дамытуға 23,8 миллиард теңге субсидия бөлініп, қаражат толық көлемде игерілді. Сонымен қатар, «Кең дала 2» кредиттеу бағдарламасы аясында шаруаларға жеңілдетілген несие беріліп, көктемгі егіс жұмыстарына 12 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталды.
Биыл ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар іске асырылмақ. Негізгі басымдық суармалы жерлердің көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және экспорттық нарықты кеңейту шараларына берілмек.
Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, жаңа белестерді бағындыруда. Бұл жетістіктер өңір экономикасын нығайтып, елдің АӨК-нің өркендеуіне серпін беретіні сөзсіз.