ШҚО: Биыл егіннің шығымы мол, сапасы жоғары
Фото: depositphotos.com
Облыс экономикасының басты саласы саналатын ауыл шаруашылығы тұрақты дамып келеді, өңірлік өнім көлемі елдегі ауыл шаруашылығы өнімі шығарылымының 6%-ын құрап отыр. Биылғы жылы аймағымызда бітік шығып отырған мол астық ауыл шаруашылығы өнімдерін арттыра түсуге септігін тигізбек, деп хабарлайды Altainews kz.тілшісі.
Өңір диқандары жаңбырсыз күндерді пайдаланып егіннің басым бөлігін, 94 пайызын жинап үлгерді. Орташа өнімділік гектарынан 22 центнерді құрап отыр, осы уақытқа дейін 530 мың тоннадан астам астық бастырылған. Орақ науқаны қазан айының ортасына дейін аяқталуы тиіс.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажыбекованың облыс әкімдігі отырысында баяндағанындай, облыс бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 19 центнерден болады деп болжанып отыр, былтыр 13 центнрден болған. Майлы дақылдар 20 ц/га (2023 жылы – 16,9 ц/га), күнбағыс 19 ц/га (2023 жылы – 17 ц/га) болады деп күтілуде. Биыл облыста астықтың сапасы да жоғары. Жиналған дәнді дақылдың 50 пайызы 3 класты құрап отыр. Республика бойынша 3 класты, сапасы жоғары астықтың бар көлемі 40 пайыздан төмен.