Қатерлі ісікті ерте анықтау – тиімді емнің кепілі
Әлемде жыл сайын шамамен 14 миллион адам қатерлі ісікке шалдығады. Бұл ауруды жеңудің ең басты жолы – оны ерте анықтау және уақытында емдеу. Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстан қатерлі ісікке шалдығу деңгейі жоғары өңірлердің қатарында.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл дерт әсіресе әйелдер арасында көп кездеседі. Олардың ішінде сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісігі жиі тіркеледі. Ер адамдар арасында өкпе, асқазан және қуық асты безінің қатерлі ісіктері кең таралған. Бүгінде Шығыс Қазақстанда 14 523 адам қатерлі ісікке байланысты тұрақты бақылауда тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әлемде жыл сайын 4 ақпанда қатерлі ісікпен күресу күні атап өтіледі. Бұл күннің басты мақсаты – жұртшылықтың осы ауру туралы хабардарлығын арттырып, алдын алу және ерте анықтаудың маңыздылығына назар аудару.
2024 жылы Шығыс Қазақстанда 2549 жаңа жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға төмендеген. Ең көп кездесетін қатерлі ісік түрлері – сүт безі, өкпе, тоқ ішек, қуық асты және асқазан обырлары. Өлім-жітім көрсеткіші бойынша өкпе қатерлі ісігі бірінші орында тұр. Одан кейін тоқ ішек, асқазан, сүт безі және ұйқы безі қатерлі ісіктері келеді. Дегенмен, 2023 жылмен салыстырғанда қатерлі ісіктен болатын өлім 4,2%-ға азайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
ШҚО-дағы Онкология және хирургия орталығы заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұндағы мамандар үздік шетелдік клиникаларда оқытудан өтуде. Сонымен қатар, науқастарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық қызметпен байланыс күшейтілді.
Айта кетейік, Өскемендегі Онкология және хирургия орталығында 2025 жылдың 8 ақпанында сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Ашық есік күні өтеді. Бұл күні кез келген адам білікті мамандардан кеңес ала алады. Тек жеке куәлігіңізді алып барсаңыз болғаны.
Жанаргүл Мұқатай
Фото: Ермек Жиенбеков